Қазақстаннан 160 млрд теңгеден аса қаражат офшор асырылған – халықаралық сарапшылар

Айласына құрық бойламайтындар соңғы уақытта тіпті криптовалюталарды қолданатын болған. Сол арқылы қап қаражатты шетел асырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық сарапшылар егемендік жылдары 160 миллиард теңгеден аса қаражаттың офшор асырылғанын айтады. 2020 жылы қара тізімдегі офшорлық мемлекеттер саны 50-ден асқан. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 60-тан астам лицензиялық аймақты белгіледі. Онда кейбір ұлттық компаниялар долларлық табысын сақтайды. Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев соңғы бес жылда ірі көлемдегі соманы шетелде заңсыз сақтағандарға қатысты 250 қылмыстық іс қозғалғанын айтады.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Елде 12 жылдан бері арнайы заң бар. Бірақ оны елемейтіндер де жоқ емес. Міне, Президент те өз сөзінде оған қатты тоқталды. Өйткені Алматыдағы жағдай диструктифті және террорлық ұйымдарды қолдап отырған азаматтардың бар екенін көрсетті. Бұдан бөлек, еуроодақ сынды офшорлық елдер ратифиация аясында біздің Үкіметке есеп беріп отыруға құқылы. Қаржы министрлігі осы мәселемен айналысады. Ол шетелдегі қазақстандықтардың активі жайлы ақпарат сұратып отыруға құқылы.

Соңғы уақытта шу болған майнинг мәселесі де еске түседі осы тұста. Елде заңсыз жұмыс істеген майнинг компаниялардың қызметіне Болат Назарбаевтың қатысы бар. Бұл туралы да осы агенттік хабарлады. Майнинг фермаларға қатысы бар деген күдікпен тағы бірнеше кәсіпкер мен шенеуніктің есімі аталды.

Гаухар Сапарбаева, ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Заңсыз қызметті жүзеге асырған майнингтік компаниялардың арасында Қазақстанның ең бай кәсіпкерлерінің бірі Қайрат Итемгеновпен үлестес фирмалар бар. Онымен қоса, Ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы басшысы Тілеген Маткеновтің де қатысы бар.

Еске сала кеткен жөн, осы айдың басында елордада 56 заңсыз майнинг жабдығы табылған еді. Құрылғы көмегімен 237 мың АҚШ долларына тең сандық валюта шығарылған. Криптовалюта өндірушілерді қала аумағындағы өндірістік базалардың бірінен анықтаған. Офшорлардан бастап, майнингке қарай бет бұруымыз бекер емес. Өйткені заңсыз табысты криптовалюта арқылы сыртқа шығару ықтималдылығы жоғары дейді мамандар.

Ғазиза Мұхамеджанова, Мерей Мұратханқызы, Мирлан Алтынбек