Ерұлан Жамаубаев Президентке мемлекеттік қаржының қазіргі жағдайы туралы есеп берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады.

Мемлекет басшысы Үкіметтің қаржы-экономикалық салада атқарып жатқан жұмыстарының негізгі бағыттары туралы есебін тыңдады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан жедел әрі жүйелі шаралар, шетелдегі қаржыны қайтаруды және елден ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимылдардың нақты тетіктері пысықталып жатқаны туралы айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қаржының қазіргі жағдайы, жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпарат берілді.

Ерұлан Жамаубаев экономиканы монополиядан арылту және 2022 жылғы республикалық бюджетті нақтылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.