Қазақстан павильоны Дубайдағы EXPO-да екінші орын алды

Қазақстан павильоны Дубайдағы EXPO-да екінші орын алды

Дубайда халықаралық ЭКСПО көрмесі аяқталды. Биыл әлемдік шараға 192 мемлекет қатысып, тарихы мен мәдениетін, үздік жобалары мен тың технологияларын таныстырды. Мұндағы кереметті тамашалауға дүние жүзінен бас-аяғы 23 миллиондай адам барды. Солардың 2 миллионнан астамы Қазақстан павильонына бас сұғып, оң бағасын берген. Көрме қорытындысы бойынша біздің елдің көрмесі үздік екінші павильон атанды. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әлемдік көрменің жабылу салтанаты қалай өтті? 

Ерекше сәулет, мың түрлі бояу, көз жауын алатын жарық шамдар және әсем әуез. Алты айға созылған Дубайдағы айтулы көрме осылай қорытындыланды. 

ЭКСПО-ның жабылу салтанатын тамашалауға әлем елдерінен арнай келген қонақтар бүгін Әл-Васл алаңында бас қосты. Қорытынды концерт осында ұйымдастырылған. Шамамен 600 футбол алаңындай аумақты алып күмбез көмкеріп жатыр. Жәй күмбез емес, толық экран. Онда көрсетілген бейнені ғимараттың ішінен де, сыртынан да тамашалауға болады. Міне осынысымен ерекше. Сондықтан ұйымдастырушылар Әл-Васл Париждегі Эйфель мұнарасы сынды ЭкСПО-дан кейін есте қалған ерекше сәулет үлгісі болады деп сенеді. Хош. Таяу Шығыста алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық көрме тағы несімен есте қалуы мүмкін.

БЛИЦ:

- Көрме «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру» тақырыбында өтті. Яғни әлемдік мәселелерді шешудің неше түрлі нұсқасы ұсынылды. Біріккен Араб Әмірліктері көрме қорытындысы бойынша болашаққа бірнеше мақсат қойды. Сондай-ақ түрлі кедергіге қарамастан ЭКСПО-ны тамашалауға 20 миллионнан астам адам келді. Бұл рекорд.

- Берері көп көрме болды. Адамды таңқалдыратын неше түрлі технологияны көрдім.

ЭКСПО адамдарды біріктіреді. Павильондарды аралап, әр халықтың ерекшелігі мен ұқсастықтарын білдік. Барлығы керемет үйлесім тапқан.

Болашақта жер бетіндегі тіршілкке технология қалай әсер етеді? Әлемнің 192 мемлекеті осы сұраққа қатысты өз шешімін ұсынды. Арасында Қазақстан да бар. Ұлттық павильон «Мүмкіндіктер» деп аталатын қатарда орналасты. Қонақтарға дәстүрлі шығыс сәулеті мен заманауи цифрлық технологиялар таныстырылып, елдің адами және табиғи ресурстарын, туристік, технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетілді.

Дәулет Еркінбаев, "QAZEXPOCONGRESS" ҰК" Басқарма төрағасының орынбасары:

- ЭКСПО ашылған алғашқы күндері-ақ қазақстандық кәсіпкерлер жергілікті бизнесмендермен түрлі меморандумға қол қоя бастады. Алты ай ішінде айтарлықтай ілгерілеу бар. Мәселен Қазақстанның халал сертификаты Дубайға да жарамды болды. Яғни елдегі экспорттаушылар мұнда тауарын еркін кіргізе алады. Халал стандарттарына сай деген қосымша құжат талап етпейді.

Дубайдағы павильонды салып жабдықтауға Қазақстан 8 миллиард теңге жұмсаған. Бұл өзін қаншалықты ақтады? Маман айтады. 

Дәулет Еркінбаев, "QAZEXPOCONGRESS" ҰК" Басқарма төрағасының орынбасары: 

- Кез келген ауқымды жоба өз пайдасын бірден бермейді. Уақыт өте келе әрине өзін ақтайды. Мәселен, Қазақстанның павильонына келген қонақтардың 20 проценттейі бизнес турист. Олар әрқашан жаңа мүмкіндік іздеп жүреді. Егер осында өзіне ұнаған жоба байқаса міндетті түрде қайта оралады.

Көрме жабылған соң бұл аумақ Дубайдағы экологиялық таза әрі ақылды ауданның біріне айналады. Ал салынған ғимараттар сәулет нысаны ретінде сақталады. Қазақстанның павильоны қала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Мәселе жергілікті билікпен талқыланып жатыр. Жалпы ЭКСПО көрмесін өткізу үшін Біріккен Араб Әмірліктері 7 миллиард доллар жұмсаған.

Талғатбек Әбдіқожа, Камила Тастанбекова, Әсет Сарғұлов