Ұлттық қордан жасалатын трансферт артады   

Ұлттық қордан жасалатын трансферт артады   

Биыл Ұлттық қордан алынатын қаражат сомасы 1 триллион 630 миллиард теңгеге артып, 4 триллионнан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуаңтыров Үкімет отырысында хабарлады. Оның айтуынша, бұл ақша Президенттің тапсырмаларын орындауға жұмсалады. Мәселен, жыл соңына дейін зейнетақы төлемдері мен жәрдемақының бірнеше түрін өсіру жоспарда бар. Министр ел бюджетіне түсетін қаражат 955 миллиардқа артқанын хабарлады. Оған мұнайдың қымбаттауы мен валюта бағамындағы өзгерістер ықпал етті.

Әлібек Қуаңтыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

- Біз Ұлттық қордан бұл ақшаны Мемлекет басшысының қаңтар айынан бастап беріп жатқан тапсырмаларын орындау үшін алып отырмыз. Алдағы уақытта шығындар 2,7 триллионға артады. Бюджетке түсетін қосымша қаражатты да пайдаланамыз. Зейнетақы мен жәрдемақыны көтереміз. Жақында бұл жоспарларды Парламент назарына ұсынбақшымыз. Ұлттық қордан қомақты қаражат жұмсалатынына уайымдаудың қажет жоқ. Қазір қорда 56 миллиард доллар бар.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Қаражатты қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік мүлік пен қалалардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге, қаржылық, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге халықты бизнеспен, экономиканың нақты секторын қолдауға жоспарланған.