ҚР ИИДМ мен PSA International Pte Ltd Ақтау портындағы контейнерлік хаб жөнінде келісті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде вице-министр Берік Камалиев Сингапурдың PSA International Pte Ltd компаниясының вице-президенті Ли Пен Гимен кездесті.

Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде Ақтау портында контейнерлік хаб құру жобасы, кедендік және сауда үрдістерін цифрландыру мәселелері талқыланды. ҚР ИИДМ мәліметінше, компания өкілдері Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен тасымалдарды одан әрі дамытуға қызығушылық танытты. Кездесу қорытындысында тараптар тиісті жол картасын бекітуге келісті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ Көлік комитеті Ақтау портында контейнерлік хаб құру бойынша жұмыс жүргізуде. Жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енген. Контейнерлік хаб құру порт арқылы өтетін контейнер ағынын 100 мың ЖФЭ дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – делінген мәліметте.

Биыл І тоқсанның қорытындысында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымал көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ке өскенін айта кету керек.