Депутат: ЕАЭО мүше елдер арасындағы кедендік бажды қайта қарау қажет

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар тасымалына қатысты кедендік бажды қайта қарау қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осындай ұсыныс жасады. Оның айтуынша, қазір жарналар жалпы қазынаға түсіп, содан кейін ғана одаққа мүше елдер арасында бөлінеді. Бұл ретте Қазақстан шамамен – 7%, Ресей – 85%, Беларусь – 5%, ал Қырғызстан мен Армения – 2%-тен аз алады. Ал қазіргі санкциялар жағдайында Ресейдің Еуразиялық экономикалық одаққа импортындағы үлесі қысқарады. Сондықтан баждарды бөлуде оның бір бөлігін азайту керек. Депутат бұл мәселені ұйымның басқа мүше мемлекеттерімен талқылау қажеттігін алға тартты.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ресей біздің негізгі сауда әріптесіміз және олардың бүгінгі экономикалық проблемалары Қазақстанға міндетті түрде әсер етеді деген сөз. Санкциялар көрші елді абдыратып тастады. Бұл дегеніміз, Ресей сауда ағындарын басқа елдерге, бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдеріне қайта жібере бастайды. Осы тұрғыда одаққа мүше елдер арасындағы тауар тасымалына қатысты кедендік бажды қайта қарау қажет. Жаңа үлестерді дұрыс есептеп, әріптестерімізбен талқылау маңызды деп ойлаймын.