Шағын және орта бизнеске қойылатын талап өзгереді

Кейінгі алты жылда жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі шамамен 8 процентке өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнім өндіру 2 есе ұлғайды. Бизнес нысандарының жалпы саны 1 миллион 400 мыңға жетті. Бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында қаралды. Енді осы кәсіпкерлікті реттейтін жүйе мен шектен тыс әкімшілік жүктеме азайтылмақ. Әйтпесе бұл екеуі бизнеске тұсау болып тұр. Проблеманы екі кезеңде шешу жоспарланып отыр. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта сауда, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану және қонақ үй қызметтерін реттеу талаптары қайта қаралады. Ал екінші жартыжылдықта және келесі жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп салаларында бизнеске қойылатын талаптар өзгереді. Бұл жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық жағдайда іскерлік белсенділікті арттыруға ықпал етпек. Әрі бүгін Үкіметте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы мақұлданды. Бұл да бизнес өкілдеріне зор қолдау болмақ. Үкімет басшысы құжат не беретінін айтты.  

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Бұл құжатқа сәйкес, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 млн адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 40%, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20% дейін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады.