Ұлттық экономика елдің ішкі құндылықтары негізінде түзілуі тиіс – К.Сағадиев

Академик Кенжеғали Сағадиевтің бұл пікірі әлі де өзекті.

Бүгін «Сағадиев оқуларына» жиналған сарапшы, экономист-ғалымдар «Жаңа Қазақстанның» экономикасын тұрақтандыру үшін төл шаруашылығымызға негізделген бағыттарға басымдық беруіміз керек дегенді алға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономикалық ғылым – бірінші кезекте қолданбалы ғылым. Сондықтан стратегиялық жобалар отандық экономист-ғалымдардың іргелі еңбектерін негізге ала отырып жасалуы тиіс. Мәселен, академик қарапайым халықтың жағдайын көтерудің негізгі тетігі елдегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту деген ұсыныс айтқан. Қазіргі кезеңде мұны уақыттың өзі дәлелдеп отыр дейді сарапшылар. 

Мақсат Халық, сарапшы:

- Еліміз нарықтық экономикаға көшкен уақытта ол кісінің еңбектері өте жоғары орынды алды деп айтуға негіз бар. Бағаларды еркін ұстаңдар, бағалардың бәрін жіберіңдер деген процестердің бәрінде 90-жылдарда өте үлкен инфляция болып кетті дейді. Сондықтан да біз өзіміздің экономикамызды түзген кезде ұлттық экономикамыздың моделі болу үшін ең әуелі кезекте біз ішкі құндылықтардың негізінде өзіміздің экономикамызды қалыптастыруымыз керек деген ойларды айтады. Менің ойымша, бұл ойлар әлі күнге дейін актуалды. Әлі өзекті.