Қазақстанда болат құятын төрт зауыт салынады

Елде қара металлургия өндірісін арттыру үшін бірнеше жобаны қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2025 жылға дейін елде жаңадан 4 болат құю зауыты, кокс өндіретін екі кәсіпорын, 5 ферроқортпа зауыты іске қосылады. Нәтижесінде сырт елден 1,2 миллиард долларға сатып алатын өнім өзімізде шығарыла бастайды. Бұған қоса экспорттық әлеуетіміз де артады. Жоспар бойынша осы зауыттар кәсібін өрге домалатса, Қазақстан шет елдерге 3 миллиард долларға тауар экспорттауға мүмкіндік алады. Түсті металл өндірісінде де 11 жоба қолға алынды.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Алюминий өндірісі саласы. Алюминийден өнім өндіру бойынша 6 негізгі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл экспорт көлемін 645 млн АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді. Мыстан дайын бұйымдар шығаратын 3 зауыттың құрылысы жоспарлануда. Бұл да экспорт көлемін 200 млн АҚШ долларына ұлғайтуға мүмкіндік береді.