Салықтан жалтарған кәсіпкерлер 165 млрд теңге шығын келтірді

Кедендік баж салығынан жалтарған және жалған декларация толтырған кәсіпкерлер мемлекетке 165 млрд теңге көлемінде шығын келтірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас Прокуратура жүргізген тексерудің нәтижесі осындай. Қытаймен шекаралас бекеттерде тауарды шартты түрде декларациялаудың 367 жағдайы анықталды. «Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың АҚШ доллары көлемінде, ал «Cargo Management» операторының өкілі 30 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара берген. Уәкілетті экономикалық операторлар соңғы 2 жылда 221 миллиард теңгеге жалған шот-фактура жасаған. Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 млн теңге құрайтын контрабанданың 16 фактісі әшкереленді. Ақпараттық жүйеде мәліметті заңсыз өзгерту салдарынан 9 импорттаушы бюджетке 143 млн теңге залал келтірді. Бұл іске Алматылық Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар.

Дархан Дүйсембай, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі

Мысалы, «GROUP OF THE COMPANIES TDA» компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізген. Аталмыш компанияның директоры қамауға алынды. Сондай-ақ кеден саласындағы жұмыскерлер өз қызметін лайықты орындамаған. Атап айтқанда, 27 қаңтарда «Нұр Жолы» кеден бекетінің маманы Мошканов «Берекет Логистик» компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 кг деп көрсеткен. Алайда прокурорлар жүкті қайта тексерген кезде декларацияланбаған тауардың салмағы 22 тонна екендігін анықтаған.