Онлайн-кредит беруді жою талап етілді

Елімізде 6 млн астам адам несиеге байланған.

Алайда оның 430 мыңы проблемалы кредит болып табылады. Тағы 500 мыңға жуық азаматтың қарызы коллекторлық компанияларға өтіп кеткен. Ахуалды реттеу үшін мұндай жұмыс істемейтін несиелерді енді сервистік компаниялар мен жеке инвесторларға беру көзделіп отыр. Тиісті жаңашылдықтарды қамтитын заң жобасы бүгін Мәжілісте қаралды. Құжат аясында азаматтардан кепілдік есебінде өндіріп алған мүлікті ары кеткенде 3 жыл ішінде сату міндеттелмек. Өйткені банктер мен микроқаржылық ұйымдар 5 жылға дейін  өз меншігінде ұстайды екен. Бұған қоса коллекторлық мекемелерге де қойылатын талап күшейтілмек.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Коллекторлық агенттіктерге қазіргі уақытта бізде 172 агенттік бар. Олардың барлығына сервистік компаниялардың міндетін атқаруға рұқсат етілмейді. Жоғары талаптар қойылады. Мысалы, коллекторлық агенттіктерге қазіргі уақытта ең төменгі капитал сомасы 10 млн теңгеден қарастырылған. Ал сервистік компанияларға ең төменгі капитал 100 млн теңге көлемінде болады.

ОНЛАЙН НЕСИЕГЕ ТОСҚАУЫЛ

Ал депутаттар онлайн несие рәсімдеуді тоқтатуды талап етуде. Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы 5 жылда кибер-қылмыс саны 10 есеге артқан. Сондықтан мәжілісмендер, тұрғындар алаяқтардың тұзағына түспес үшін оңды-солды несие рәсімдеуді тоқтату керек деп санайды. Әрі тұтынушылық несие көлемі артып келеді. Былтырдан бері 40 процентке көбейген.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз бүгін өте маңызды заң жобасын талқыладық. Президентіміз 2 рет осы мәселені көтерген болатын. Экономикамызға оң әсер беретін бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншісі сол кепілдегі мүліктің банк балансында болуында 3 жылдық шектеу енгізілді. Бұл қазіргі кезде ел экономикасына жұмыс істемей көптеген жылдар банктерде жатқан стрестік активтерді тезірек экономикаға айналымға тездетіп енгізуге мүмкіндік береді. Екінші мәселе құны 50 млн теңгеден асатын активтерді сатып алған инвесторға оны дербес басқаруға рұқсат беріледі ғой. Бұл да үлкен өзгеріс деп есептейміз.