Еліміз бал өндірісі бойынша екінші нарыққа айналмақ

Қазір көш басында Қытай тұр. Мақсат айқын. Әлеуетіміз қандай? Тиісті қолдау болса, омарташылар өндірісті арттырмақ ниетте. Бірақ ол үшін мамандарды көбейту керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық омарташылар шамамен 10 мың тонна бал жинамақ. Былтыр осынау межеге жетуге өңірлердегі қуаңшылық кедергі болған. Коронавирус пандемиясы да кесірін тигізді. Енді жағдай оңалғандай болды. Қазір елде 12 мың омарташы бар. Қазақстандай жері кең, өсімдік әлемі бай мемлекет үшін бұл аздық етеді. Омарташылар одағы президентінің – орынбасары Ғабит Нұрәділдің айтуынша, кәсіпкерлер санын 100 мыңға жеткізуге болады. Бұл бағытта  2016-2019 жылдары ауылшаруашылығы министрлігі «Агробілім бағдарламасын» жүзеге асырды. Алайда, ол бастама аяқсыз қалған. 200 адам шетелден оқып келді. Бүгінде салаға субсидия төленеді. Тек өте аз мөлшерде. Мамандар «шығындарды жауып, өндірісті ұлғайту үшін инвестсубсидияны іске қосу керек» дейді .

Ғабит Нұрәділов, ҚР Омарташылар одағының вице-президенті:

Омарташылық – өте берекелі кәсіп. Өкінішке қарай, қадірін түсініп жатқандар аз. Біз омарташыларымыздың саны 100 мыңнан асқанын қалаймыз. Барлығын үйретіп, саланың қыр-сырына қанықтыруға дайынбыз. Бұған «Агробілім» бағдарламасының да көмегі тиер еді. Бір маусымда әр омарташы 100 келі бал өндірсе, 1 млн-ға қиналмай жетер ек. Осылайша, өндіріс көлемі жағынан Қытайдан кейін екінші орынға шыға аламыз. 

Қазір отандық балды қазақстандықтардан гөрі, Сауд Аравиясы, БАӘ, Өзбекстан және Қытай халқы көп тұтынады. 200 тоннасын экспорттаймыз. Тәтті өнімнің келісі 1500-2000 тг айналасында. Елде пайдасы орасан бола тұра, бағасы тұрақты жалғыз өнім осы. Алайда, тұтыну мөлшері тым аз. Әр тұрғын жылына 5 грамм ғана бал жейді екен. Оның өзі Ресей, Қырғызстан, Қытайдан келген өнімдер. Себебі бағасы арзанырақ, бірақ сапасы төмен.

ҚАНТ 52% ҚЫМБАТТАДЫ

Балдан гөрі қантты жақсы көреміз. Бекер-ақ. Соңғы бес жылда елде қолданылатын қант мөлшері 100 мың тоннаға артқан. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлады. Қазақстанда жылына 582 мың тоннасы қолданылады. Пайдасынан гөрі зияны басым өнім былтырдан бері 52 процентке қымбаттап та кеткен. Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, баға биржадағы сауда-саттық нәтижесіне тәуелді. Ал тасымал қиындығы жығылғанға жұдырық болды. Бүгінде дүкен сөрелеріндегі қанттың 57 проценті импорттық өнім. Үкімет күзге дейін 350 мың тонна қант және қант құрағын баж салығынсыз импорттауға келісім жасады. Мұның маңызы зор. Өйткені шикізатсыз елдегі зауыттардың тоқтаусыз жұмыс істеуі мүмкін емес. Ал Ресей мен Беларусь экспортты шектегелі, өзге мемлекеттер тауарын бізге сатуға әрекет етуі ықтимал.

Айжан Наурызғалиева, Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақ қант пен шикізатты квота бойынша сатып алу керек деген ереже бар. Өңдеушілер өтініш берді. Ауыл шаруашылығы министрлігі квотаны кімге мақұлдайтынын жариялауы керек еді. Бірақ өтініштердің көптігінен жағдай күрделене түсуде. Өйткені  бұл шикізатты өндіріс үшін пайдаланатын өнеркәсіптік орындары мен қант зауыттарымен қатар, трейдерлер де осы тізімге кірген. Олардың араысында сатушылар болуы мүмкін. Соның салдарынан қант зауыттары қажет көлемінен әлдеқайда аз шикізат алып, логистикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Себебі қант сататындар ешқашан аз мөлшерде тауар жеткізбейді. Ал министрлік квота алатындардың тізіміне трейтерлерді қосу Үкіметтің қаулысы екенін айтып ақталды.

ЖАҺАНДЫ ДАҒДАРЫС КҮТІП ТҰР

Келесі жылы әлемдегі ЖІӨ 3,5 емес, 3,1 процентке ғана өсуі мүмкін. БҰҰ Украинадағы әскери қақтығыс салдарынан биылғы көрсеткіш те сол шамада болатынын болжады. Баяндамада жаһанды жаңа дағдарыс күтіп тұрғаны жазылған. Пандемиядан енді ғана ес жия бастаған мемлекеттер үшін бұл үлкен сынақ. Азық-түлік пен шикізат қымбаттады. Сарапшылар АҚШ пен Қытай экономикасын негізге алғанын айтады. Биыл Американың дамуы 2,6 процентке дейін төмендейді. Оған инфляцияның аспандауы себеп. Ал Еуроодақтағы көрсеткіш 2,7 процентке дейін түседі. Мұндағы энергия көздерінің қымбаттауы жағдайды ушықтырған.

Авторы: Мерей Мұратханқызы