Сенатта Арменияға мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісім қаралады

Парламент Сенаты бюросының мүшелері Палатаның 2022 жылғы 26 мамырға жоспарланған отырысының күн тәртібін бекітті.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, депутаттар Палатаның кезекті отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарауды жоспарлап отыр.

Құжаттың мақсаты Қазақстандық кәсіпорындардың Арменияға мұнай, электр энергиясы, табиғи газ және көмірден өзге тауарларды жеткізу үшін қажетті жағдай жасау, сондай-ақ ЕАЭО елдеріне мұнай өнімдерінің бақыланбайтын ағындарынан нарықты қорғау болып табылады.

Депутаттар Сенат отырысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қарайтын болды. Келісім екі мемлекет арасында қалыптасқан өзара достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейді.