Дәрі-дәрмекті цифрмен таңбалау көлеңкелі бизнеске тосқауыл болады

Бірінші маусымнан бастап елдегі барлық дәрі-дәрмек өнімдері міндетті түрде таңбалануы қажет. «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясының зауыты да өнімдерін цифрлық таңбалауға толық дайын. Жобаның операторы «Қазақтелеком» компаниясы. Мақсаты нарықтағы көлеңкелі сауда-саттыққа тосқауыл қойып, халықты заңды әрі сапалы дәрімен қамтамасыз ету. 

Дәрілерді цифрлық таңбалау барысында қаптамаға арнайы DataMatrix - код басылады. Онда тауар мен өндіруші туралы қажетті мәлімет бар. Ақпаратпен танысу оңай болғанымен қолдан жасау  мүмкін емес. Алғашқы сатыдан сәтті өткен жоба қолданысқа енгізілуге дайын.

Бикеш Құрманғалиева, цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры:

- Біз таңбалаумен және таңбаланған өнімді бақылаумен айналысамыз. Бұл зауытта пилоттық жоба аясында дәрі-дәрмек өнімдері таңбалаудың алғашқы кезеңінен өтеді. Жобаны іске асыру барысымен танысып, міндетті таңбалауға дейінгі кешенді сынама өткіземіз.

Бүгінгі таңда «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясы жылына бір жарым миллиард дәрі-таблеткаларын шығарады. Өнімнің бір бөлігі Әзербайжан, Өзбекстан, Ауғанстан мен Грузия елдеріне экспортталады. Ал дәрі-дәрмек өнімдерін міндетті түрде цифрлы таңбалау өндіруші жұмысын жеңілдетіп, өнім сапасы мен тауар бағытын бақылауды арттырады. 

Фарух Рзаев, "AIGP" ЖШС Бас директоры:

- Қазіргі уақытта бұл өте маңызды. Әлемдік тенденцияға қарайтын болсақ, барлық жерде өнімді таңбалайды. Яғни бұл тауарды сақтаудың, ақпарат алудың және оның бағытын бақылаудың логистикалық тізбегі саналады деген сөз.  

«KHIDI» сараптамалық агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда көлеңкелі фармацевтиканың нарықтағы үлесі 11 процентке жетеді. Ақшалай айтқанда, бұл  57 миллиард теңге. Дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы мемлекет пен бизнеске экономикалық зардабын тигізіп, халық денсаулығына қауіп төндіреді.

А.Садуақас, Р. Жақыпов, В. Лобанов