Қытай-Еуропа бағытындағы транзиттік жүктер жылдам жөнелтіледі

Қытаймен арадағы шекарада орналасқан Достық станциясында жүк тиеу терминалының екінші бөлігі іске қосылды. Бұл Қытай мен Еуропа транзитін жалғайтын маңызды нысан.

Енді Қытайдан шыққан жүк Ресей, Еуропа, Орталық Азия елдеріне Қазақстан арқылы жылдам жөнелтіледі. Мұның біз үшін пайдасы қандай?

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Былтыр маусым айында осы терминалдың бірінші кезегі іске қосылған болатын. Ал екіншісі біздің ел арқылы Қытайдан Еуропаға және кері бағыттағы транзиттік жүк ағынынын екі есеге арттырмақ. Яғни Ұлы Жібек жолының аясы кеңейе түсті деген сөз.

Терминал кон­тейнерлерді тиеуге сақадай сай. Достық станциясындағы жүк тиейтін жаңа кешен жылына 160 мыңнан 320 мың контейнерге дейін өткізеді.

Жиньжяннан тұрмыстық техника тиеп келген бұл жүк пойызы Достық арқылы Германияға аттанды. Қытай, Еуропа, Ресей елдері Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің даму перспективаларына қызығушылық танытып отыр. Себебі бұл бағыттар бойынша жүк жеткізу жылдамдығы артқан. Достықтағы терминал бірегей өтпелі технология бойынша жұмыс істей бастады. Яғни жолдар негізгі магистральдан тыс орналасқан. Ол үшін 13 шақырым жаңа жолторап салынды.

Шыңғыс Төлеушин, басқарушы терминал компаниясының бас директоры:

- Бірінші кезекте біз күніне 7 пойыз қабылдадық. Қазір 14 пойызға дейін қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Тағы Қытайдан пойыздар қабылдап басқа пойыздарды жіберуге болады. Тек контейнерлік пойыздар ғана емес, интермодельный тасымал жасауға мүмкіндік бар. 

Қытайдан Еуропаға жүк тасымалы жыл өткен сайын артып келеді. Бұл біздің елдің транзиттік әлеуетін арттырды. Өйткені Ұлы Жібек жолы бойымен өтетін болат жол  Орталық Азияны Еуропамен жалғап тұр.

Тимур Қарабаев, көлік-логистикалық компанияның басшысы:

- Мұндай үлкен инфрақұрылымдық жобалар, ең алдымен біздің елдің көлік әлеуетін кеңейтуге септігін тигізеді. Қытайдан келетін контейнерлер тар жолдан біздің кең жолаққа ауыстырылады. Сондай-ақ терминалдың бірегейлігі - ол жүйе арқылы жұмыс істейді. Яғни Достық станциясының өткізу қабілетін арттырдық. 

Жаңа заманауи және қауіпсіз инфрақұрылымға инвесторлар 9,5 миллиард теңгеге жуық қаржы құйған. Бірақ көліктік-логистика саласының мамандары бұл жол телегей табыс әкеледі деп отыр.

Алексей Гром, бірлескен көлік-логистикалық компанияның бас директоры (Ресей):

- Қазақстандағы транзиттік терминалдың ашылуы Оңтүстік-Шығыс Азияның, Қытайдың, Еуроодақ елдері экономикасының ұштасуына жол ашады деуге болады. Бұл көлік байланысының әлеуеті өте жоғары болмақ. Мұндағы қызметтің жылдамдығы, технологиялық қауқары мен өткізу жиілігі жандана түскен.

Мамандар пандемия кезінде транзиттік жүк тасымалының аздап бәсеңдегенін айтады. Сол уақытта көптеген компаниялар Қазақстан-Қытай шекарасында қиындықтарға тап болды. Шекараға келген жүк пойыздары айлап қаңтарылып тұрды. Бірақ қазір жағдай түзелді. Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы жүк тасымалында еш қиындық жоқ, дейді станция басшылығы.

Мақсат Мамбетқұлов, Достық станциясы бастығының міндетін атқарушы:

- Алдындағы қиыншылықтар жойылды десек те болады. Қазіргі таңда Алашоңқоудың басында үлкен жоба салынып жатыр. Қазір тар жолмен 12 алып жатсақ, мына жаңа терминалдың ашылуымен, алдымызда ашылатын еуротранзит терминалымен қосқанда алда 16 пойызға дейін қабылдай аламыз. 

Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы жүк жеткізу көлемі бұдан кейін де арта түседі. Былтыр ел аумағы бойынша бір ғана 20 футтық контейнерлердің миллионнан астамы тасымалданған. 

Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев