Қазақ мұнайы Грузия арқылы тасымалданады

Қазақ мұнайы Батуми порты арқылы тасымалданады. Қазір әлемдегі жағдай тауар айналымына бірталай өзгеріс әкелгені белгілі. Елдер арасында қайта келісімдер жүріп, алыс-берістің ұтымды тұстарына көңіл бөліне бастады. Осы орайда Қазақстанның да даму жолы айқындалып келеді.

Жібек жолының бойында орналасқан Грузия үшін мүмкіндік мол. Мемлекеттің географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы стратегиялық маңызға ие.

Васо Урушадзе, сарапшы:

- Батыс елдері санкция салғаннан кейін Азиядағы 10 жол дәлізі бұл мемлекеттер үшін тиімсіз болып қалды. Балама ретінде тек Әзербайжан дәлізі ғана қарастырылды. Енді Грузия мен Әзербайжанның жүк ағымын қабылдай алуы маңызды болып тұр. Осы мәселені реттеу үшін Грузия, Әзербайжан және Қазақстанның жүк тасымалы бойынша ортақ стратегия құруына қатысты өзара келіссөз жүргізуі қажет.

Мамандардың айтуынша, қазір Грузия тарихи кезеңді бастан өткеріп келеді. Логистиканы еуропалық стандарттарға сай құру қажет. Ол үшін серіктес елдер арасында келіссөздер мен келісімдерге қол жеткізу маңызды. Бір айта кетерлік жайт, сәуірден бастап қазақ мұнайы гүржі елінің логистикалық дәлізі арқылы өтіп жатыр.

Рати Девадзе, Көлік және логистика департаменті басшысының орынбасары:

- Грузияның көлік дәлізі арқылы қазақстандық мұнайдың тасымалы қайта жанданды. 2022 жылдың сәуір айында 21 тонна қара алтын өтті. Дәл осындай көрсеткіш мамыр айына да жоспарланған. Соңғы рет біздің көлік дәлізіміз арқылы қазақстандық мұнай 2016 жылы өткен еді. Сол кезде 1800 тонна тасымалданған болатын. 

Тараптар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Керісінше тасымал көлемін арттырмақ ниетте. Биыл Батумидегі теңіз порты арқылы 2 миллион тонна мұнай мен 600 тонна мұнай өнімдерін өткізу көзделген. Бұдан бөлек 2,5 миллион тоннадай жүк тасымалдау жоспарланған. 

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили