Оралда нан өнімі комбинаттары қант тапшылығына тап болды

Әсіресе кондитерлер өндірісінде жағдай қиын. Кей кәсіпорындар мәселе шешілмесе жұмысты тоқтатуға мәжбүр болмақ. Мамандар өңірге отандық зауыттардан қант жеткізіле бастағанын айтады. Шекер мәселесі қашан шешіледі?  

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Оралдық нан өнімдерін шығаратын кәсіпорында небары 10 күнге жететін қант қалған. Соңғы рет сәуір айында оны 360 теңгеден сатып алдық. Енді 700 теңгеден алсақ, өнім бағасын өсіруге мәжбүр боламыз дейді жергілікті кондитерлер.

Бұл кәсіпорында өнімнің 120 түрі өндіріледі екен. 200-ден аса адам еңбек етеді. Қалыптасқан жағдайға орай дайын өнім құны қазірдің өзінде 15-20 процентке өскен.  

Антон Маркушин, кәсіпорын басшысының өндіріс бойынша орынбасары:

 - Егер 10 күннен кейін жағдай реттелмесе біз қантты қымбат бағамен аламыз. Ол дайын өнім бағасына да кері әсер етері сөзсіз. Ал қант таусылса өндіріс те тоқтайды. Оны нанға да қосамыз. Соған байланысты осыдан 3 апта бұрын нан бағасы да көтерілді. Ұн да қымбаттап жатыр. Енді бұл мәселені Үкімет шешер деген үмітіміз бар.

Ал қаладағы ең көне нан өнімдері комбинаты қазір толық қуатында жұмыс істеп тұр. Мұнда өнімнің 20 шақты түрі шығарылады. Айына 70 тоннадай шикізат өңделеді.  

Вячеслав Филипов, кәсіпорын директорының өндіріс бойынша орынбасары:

– Иә, өндірісте іркіліс болғаны рас. Кейбір цехтарды ішінара жабуға тура келді. Қалған цехтардың жұмысы тоқтаған жоқ. Бұл жағдай бір аптадай уақытқа созылды. Қазір біз қант сатып алдық. Барлық цехтар толыққанды жұмыс істеп тұр. 40 тонна қант сатып алдық, тағы 1 вагон келеді деп күтіп отырмыз. Шикізат бағасы өнім құнына әсер етеді ғой. Бірақ әзірге бағаны көтерген жоқпыз. Комбинатты жабу ойымызда жоқ, жағдайды қолымыздан келгенше реттеуге тырысып жатырмыз.   

Облыстың бір айлық қажеттілігін толық өтеу үшін кемі 940 тонна қант жеткізілуі тиіс. Соның 400 тоннасы шикізат ретінде өнім өндіруші кәсіпорындарға қажет. 540 тоннасы дүкен сөрелеріне жол тартады. 2 ай бұрын Ресейден қант жеткізу тоқтады. Есесіне отандық қант зауыттары толық қуатына көшті. Қазіргі күні өңірге 256 тоннадай қант әкелінген.  

Серік Сүлейменов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Облысымызға 4 вагон келіп жетті. Олар облыс бойынша таралып жатыр. Сонымен қатар өзіміздің көтерме жеткізушілер біздің өндірушілерге де жеткізіп жатыр секерді. Қазіргі таңда мына секердің келуіне байланысты ешқандай мәселе жоқ қант жоқ деген. Қазір уже бесперебойно келе береді секер облысқа. Тұрақтандыру қорында бізде секер жоқ. Себебі биыл тұрақтандыру қорына ақша бөлінбеген. 

Отандық зауыттарда қанттың бастапқы құны 450 теңге. Заң бойынша көтерме және бөлшек саудада оған қосылатын үстемеақы 15 проценттен аспауы тиіс. Тапшылық жойылғанымен қант бағасының арзандай қоймасы анық. Әзірге қаладағы сауда нүктелерінде қант тұрғындарға шектеулі мөлшерде ғана сатылып жатыр. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов