Созақ ауданында жаңа бизнес идеяларға қолдау көп

Түркістан облысының Созақ ауданында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес жаңа бизнес идеяларға ерекше қолдау көрсетіледі. Бұрын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы кезінде тұрғындар бір реттік қайтарымсыз грантты көбіне мал шаруашылығын дамытуға алатын. Ал енді ұлттық жоба бойынша жаңа идеяларға басымдық беріліп отыр. Олар қандай жобалар?

Дәмі тіл үйіретін торт пісіру, тәтті күлшелер әзірлеу, дастарханның сәнін кіргізетін түрлі кондитерлік өнімдер дайындау – бұл Созақ ауылының тұрғыны Тоғжан Асқарбекқызының ең сүйікті жұмысы. Үйінен шағын ғана цех ашып алған келіншек тәтті-дәмдінің бәрін осы жерде дайындайды. Жыл басында «Бизнес бастау» жобасымен кәсіпкерлік курсын оқып, 1 млн 200 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш, бұлғауыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр.

Тоғжан Асқарбекқызы, Созақ ауылының тұрғыны:

- Тойға арналған тапсырыстар өте көп. 2-3 қабатты торттар өте сұранысқа ие. Бұрындары аудан тұрғындары қаладан алдыратын тәттілерді мен енді осы ауылда өзім пісіремін. Қазіргі таңда қол астымда бір көмекшім бар. Екеуіміз бірге көптеген тәттілер шығарамыз. Соның өзінде үлгірмей жатамыз. Көбіне енді алдағы уақытта осы жерді кеңейтіп, тағы бір көмекші алатын ойым бар.

Бұл шаңырақты он саусағынан өнер тамған әулет немесе жас кәсіпкерлер отбасы деуге де болады. Себебі Тоғжанның жолдасы Малахаддин де ағаш ұстасы. Оның әкесі де темірден түйін түйген шебер. Малахаддин де өткен жылы осы бағдарламамен грант ұтып алып, өзіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Сөйтіп, шеберханасын кеңейтіпті. Ол барлығын ағаштан жасайды. Есік-терезе, тапшан, стол, орындық, төсектің түр-түрін қалағаныңыздай жасап береді. 

Малахаддин Абламидов, Созақ ауылының тұрғыны:

- Жалпы кімге не қажет, түрлі мекемелер бар, бәрін жасап береміз. Ағаштан түрлі қоршаулар бар. Биігі бар, аласасы бар, әшекейлеп жасап береміз. Тапсырыс бар. Сол тапсырысты барынша заманауи етіп жасауға тырысып жатырмыз. Екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Тағы қосымша көмекшілер бар. Жеткіліксіз болып жатқанда шақыртамыз. Екі адам тұрақты жұмыс істейді.

Биыл Созақ ауданы бойынша 2370 адам кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның игілігін көреді. Соның ішінде кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа бизнес идеясы бар 70 адам 1 млн 200 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болады деп күтілуде.

Елдос Дәулетбаев, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Сол 70 азаматтың біз өткен айда 5 азамат мемлекеттік грант иегері атанды. Арнайы комиссияның қорытындысымен. Бесеуі де 29-ға дейінгі жастар. Оның ішіндегі кондитерлік өнімді дамыту бойынша созылмалы төбе (натяжной потолок) бар бір жобамыз. Тамшылатып суару әдісі бар. Кәсіпкерліктің әр саласы бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендету, отбасына табысын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта қалған 65 адам бойынша комиссия отырысы өтеді. Жаңа идеялар бойынша жұмыс істейміз.

Айта кетейік, өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Созақ ауданы бойынша 100-ге жуық азамат бір реттік қайтарымсыз грантқа ие болған. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов