Базалық мөлшерлеме 14% деңгейінде қалады – Ұлттық банк

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,00%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13,00% болады.

Ұлттық банк мәліметінше, шешім қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің ағымдағы теңгерімі, сондай-ақ Ұлттық банктің жаңартылған болжамдары ескеріле отырып қабылданды. Базалық мөлшерлеменің осы деңгейі жаңа күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда 2024 жылға қарай инфляцияның бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етеді. Ақша-кредит талаптары 2023 жылы инфляциялық процестердің баяулауына қарай қалпына келеді.

2022 жылғы мамырда жылдық инфляция 14%-ті құрап, жеделдеуін жалғастырды. Бұл ретте тұтынушылық бағалар индексінің барлық құрамдас бөліктерінің жылдамдауын атап өткен жөн. Тамақ өнімдері бағасының өсуі жылдық инфляцияға барынша көп үлес қосуда. Тауар жеткізудің логистикалық тізбектеріндегі үзілістердің және тұрақты сұраныстың аясында импортты құрауышы жоғары тауарлар бағасының өсу үрдісі жалғасты. Реттелетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасының көтерілуіне мораторий инфляцияны тежеп отыр.

Айлық инфляция мамырда 1,4%-ке дейін (сәуірде – 2%) баяулауын жалғастырса да, орташа тарихи нормадан асып, жоғары болып отыр. Айлық инфляцияның бәсеңдеу қарқынының төмен болуы оң фискалдық серпін кезіндегі тұрақты ішкі сұранысқа, әрі жоғары инфляциялық күтулерге де байланысты.

2022 жылғы мамырда бір жыл бұрынға квантификацияланған инфляциялық күтулер 11,7% болды. Биылғы жылғы сәуір-мамырда осы жылдың наурызындағы күрт өсуден кейін бір жыл бұрынға инфляциялық күтулер біршама төмендеді. Бір жыл кезеңінде бағаның өсуін күтетін респонденттер мұны азық-түлік өнімдерінің қымбаттауымен байланыстырды. Инфляцияны қабылдау да жоғары деңгейде сақталуда.