Мұқтаж жандарға газ 20% арзан болады

Мұқтаж жандарға газ 20% арзан болады

1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын қазақстандықтар көгілдір отын ақысын арзандатылған тариф бойынша төлейді.

Пилоттық жоба Тараз бен Орал қалаларында 1 сәуірден бастап сынақтан өтті. Яғни осы қаладағы 3 мыңдай шаңырақ тұрмыстық мақсатта қолданған газ үшін өзгелерден 20 процентке арзан төледі. Енді келер айда көгілдір отынға қосылған барлық аймақтағы әлеуметтік көмек алатындар осы мүмкіндікті пайдалана алады. Бұл үшін Е-гов порталына кіріп, өз мәртебесін тексергені абзал. Сондай-ақ газ бағасын реттеу мақсатында елде көгілдір отынды тұтынушылардың тағы бір санаты айқындалды. Оған ірі коммерциялық тұтынушылар мен цифрлық майнерлер кіреді. Олар тұтынған газ үшін қарапайым халықтан қарағанда көбірек төлеуге міндеттеледі.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

- Ұлттық оператордың қаржылық тұрақтылығын қамту үшін бағаны біртіндеп көтеретін ұзақ мерзімді тарифтік саясат қажет. Осыған байланысты Министрлік «QazaqGaz»-бен бірлесіп, заңға жаңа санаттарды қосу мәселесін қарастырды. Бұл газ бағасын халық үшін оның ішінде әлеуметтік осал топтар мен әлеуметтік маңызы бар өнеркәсіптік тұтынушылар үшін бағаларды тежеп тұруға мүмкіндік береді.