1 шілдеден бастап тауарлардың электрондық каталогы енгізіледі

Енді мемлекеттік сатып алуға тапсырыс берушілер елде жоқ талапты қоя алмайды. 1 шілдеден бастап тауарлардың электрондық каталогы енгізіледі. Тендерге қатысушы кәсіпкерлер сонда өз тауарын тіркеуі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті жоба бармақ басты көз қысты әрекеттерге тосқауыл қою үшін қолға алынды. Әзірге бұл тізімге кеңсе заттары, тұрмыстық тауарлар, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдар, электр тауарлары кірген. Алдағы уақытта мамандар тізімді кеңейтуді жоспарлап отыр. «Электрондық қаржы орталығы» басқарма төрағасы Нұрлыбек Рахметовтің айтуынша, бұл жоба әділ бәсекелестікке ықпал етеді. Мемлекеттік сатып алуды неғұрлым ашық жүргізуге мүмкіндік береді.

Нұрлыбек Рахметов, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Қазір электронды тауарлар каталогында 308 мыңнан астам тауар түрі бар. 700 қолданушы тіркелген. Ең басты ескеретін жайт, қолданушылар үшін жүйе тегін. Бірінші кезекте 1 шілдеге дейін шаруашылық тауарлар мен кеңсе заттарын және медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек түрлерін шығаратындар тіркелуі қажет. Оларға KZTIN коды беріледі. Тұрмыстық электр құралдары мен компьютер өндірушілер де қалыс қалмауы қажет. Болашақта тауар түрлерін 1млн дейін жеткізу жоспарлануда.