Шымкентте көлік салығы бір жарым млрд теңгеден асты

Шымкенттіктердің транспорттық қарызы 1 млрд 663 млн теңгеге жетті. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, онда 41 мыңнан астам адам көлік салығын төлемеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар полиция департаментімен бірге, қарызды мәжбүрлі түрде өндіруге кірісті. Бас аяғы тоғыз күннің ішінде «Қорғау» жүйесі мен «Сергек», «Интегра» бейнекамераларының көмегімен 31 автокөлікті тоқтатты. Он үші айып тұрағына қойылды. Қалған жүргізушілерден 16 млн теңге өндірілді. Департамент өкілдері салықтан жалтарғандардың көбі жол талғамайтын қымбат көлікті тізгіндеушілер - дейді. Олардың жарты миллионнан 6 млн теңгеге дейін берешегі бар.

Қайрат Полатбеков, қалалық ПД Жедел басқару орталығының бастығы:

- Тізімде бар машина бағыт алып келе жатқан болса қолындағы планшетке хабарлама келіп түседі. Яғни мына автокөлік осындай сұраныс бойынша сізге қарап бағыт алып келе жатыр деп автоматты түрде хахабарлама келеді. Яғни қызметкер шығып, автокөлікті тоқтатып, заңды шарасын көреді.

Аббасхан Сейдахметов, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы:

- Сол тоқтатқан кезде төлей алмаса автокөлігі айып тұрағына қойылады. Әрі қарай жеке сот орындаушылармен бірлесіп жұмыс істейміз.