Қазақстанда «Энергия тиімділігін арттыру» жобасы аяқталды

Қазақстанда кейінгі 7 жылда электр энергиясының тиімділігі 40 процентке дейін артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл 2014 жылы іске қосылған «Энергия тиімділігін арттыру» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан. Жоба аясында барлық облыс пен қалада 96 әлеуметтік нысан электр энергиясын үнемдейтін құрылғымен жабдықталды. Бүгін осы бағдарламаның қорытынды жиыны өтті. 2014 жылдан бері Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы іске асты. Ол үшін 21,7 млн доллар көлемінде өтеусіз грантты Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігі берген еді.

Бауыржан Смағұлов, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасы:

– Аталған жоба өте жақсы мультипликативті әсер көрсетті. Ең алдымен мұны іске асыруда 85 процентке дейін отандық құралдар, құрылыс материалдары пайдаланылды. 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы жоспар бойынша уәкілетті министрлік пен Дүниежүзілік банк тағы да жобаны қолға алуды көздейді. Себебі, елімізде жаңғыртудан өтуі тиіс әлеуметтік нысандардың саны көп.

Жоба аясында әлеуметтік саланың 96 нысаны жаңғыртылды. Нәтижесінде әрбір мекемеден энергия ресурстарын 40% дейін үнемдеуге мүмкіндік пайда болды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, облыстың тыныс-тіршілігіне оң әсер етті. Дүниежүзілік банкпен осы бағытта ынтымақтастықты жалғастыру қажет, дейді сала мамандары. Себебі әлеуметтік нысандарды энергия модернизациялау ел экономикасына елеулі үлес қосады.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Электр энергиясын 30 процентке аз пайдалану, мемлекеттік қаражаттың едәуір үнемделгенін білдіреді. Әрине кез келген әлеуметтік салаға бюджеттен қолдау керек. Соның өзінде аталған жоба аясында қаражатты қаншалықты үнемдейтінімізді байқауға болады.

Жобаның аяқталуына орай қорытынды конференция өтті. Онда энергияны үнемдеу және тиімділігін арттыру жайы талқыланды. Шақырылған қонақтар 7 жылдық ауқымды жұмысқа оң баға берді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Ақылбек Есімсейітов