Екі бірдей қант зауыты бар облыста тапшылық туындады

Бір емес, екі бірдей ірі  зауыты бар Жетісу облысында қант тапшы. Талдықорған қаласының тұрғындары тұрақтандыру қорынан  арзан бағамен берілетін  қант алу үшін түнгі екіден бастап кезекке тұрады.  Оның өзі сөреге аптасына үш рет шығарылады және әр әдамға екі келіден артық сатылмайды. Сол себепті жұрт коммуналдық базарға тайлы- таяғы қалмай, отбасымен келетін болған. 

Талдықорғандағы коммуналдық базарда сатылатын әлеуметтік тауар түрлерін үлгіріп алып қалу үшін тұрғындар осылайша ұзынсонар кезекке тұрады. Онда сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорындағы тауарлар шығарылады. Ерте бармаса, төмендетілген бағамен сатылатын тауарлар тез таусылып қалады. Оның соңы дау-дамайға ұласады. 

Құралай Ақбаева, қала тұрғыны:

- Сол қанттың жоқтығынан міне біз қазір қанша қыруар халық тұрмыз. Түнгі сағат екі шамасынан бастап очередьке тұрамыз. Өзім жалғызбасты анамын. Алатын зейнетақым өзі 59 мың теңге. Ал енді қантыңыз 220 теңгеден басталған, қазір енді 300-310-ға дейін кетті. Мына әкімшілік қайда қарап отыр? Неге мынаны дұрыстап регулировка жасамайды?!

Гүлбану Құрмашева, қала тұрғыны: 

- Дефицит болмайды деді. Жеткілікті қант, ажиотаж жасамаңдар деді. Енді мынаусы несі? Мынау бір сұмдық позор ғой бізге! Біздің елге! 

Бақзор Бітібаева, қала тұрғыны:

- Иә, сол 5 баламен келіп тұрмын мына жерге. Қант алып, ұн алу үшін бүкіл балаларымды түгел, шөберелеріме дейін алып келдім. Енді тамақ керек ғой бәріне де. Міне өшірет қырғын мынандай.

«Бұл адамдар балаларымен бірге базарда неғып ұбап-шұбап жүр?» десеңіздер, қант кісі басына екі келіден ғана сатылып жатыр. Қолыңызда өз құжатыңызбен қоса балаларыңыздың да метркесі болуы шарт. Онсыз екі келіден артық берілмейді. «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағылар өңірдің тұрақтандыру қорында 2 мың тонна өнім бар екенін айтты. Соның 1,5 мың тоннасы жұрт зәру болып отырған қант.

Бақтияр Сембеков, "Жетісу" ӘКК департамент директоры:

- Тұрақтандыру қорының қоймасына заявкамен келіп отырады. Негізі басым бөлігі Ақсу қант зауытында. Жылдың басынан бері 650 тоннаға жуық қант жеткізілді.

Корпорациядағылардың айтуынша, сәуір айында «Көксу» қант зауыты мен ірі 3 сауда желісінің арасында үш жақты меморандумға қол қойылған. Сол келісімге сәйкес, аталған кәсіпорын оларды тамыз айына дейін 2 мың тонна қантпен қамтамасыз етуі тиіс еді. Алайда сауда үйлеріне жеткізілген өнімді жұрт 1-2 сағаттың ішінде талап алып кетіп жатыр. Ондағы қант бағасы 435 теңге. «Көксу» қант зауыты басшыларының телефонына қоңырау шалып та, хабарлама жазып та көрдік. Ұстатпады. 

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев