476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ДСҰ: Қазақстан әлем саудасына зор үлес қосып келеді

  • 265
  • UPD: 22:19, 15.06.2022

Конференцияның үшінші күнінде азық-түлік қауіпсіздігі, Дүниежүзілік сауда ұйымының пандемияға қарсы шаралары және ұйымды реформалауға қатысы бар маңызды мәселелер талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, негізінен экономикасы мықты мемлекеттер және дамушы елдер арасында пікір алшақтық бар.

Жанар Айтжанова, ДСҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі:

- Дамушы ірі елдердің бірқатары реформалау бойынша шешімдерді консенсус негізінде қабылдауды талап етіп отыр. Ал дамыған елдер шешім қабылдауда барынша икемділік болу керек дейді. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымы жаңа сауда келісімдерін қабылдауда шапшаң қимылдауына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл ең күрделі, саяси мәселе болады деп ойлаймыз және ұйымға мүше елдер бұл жөнінде ымыраға келеді деген үміттеміз.  

164 елдің сауда министрлері бас қосқан форумның соңында маңызды келісімдерге қол қойылады. Бұл ауылшаруашылық өнімдерінің саудасы және азық-түлік қауіпсіздік декларациясы бойынша қабылданатын шешімдер.

Чжан Сянчень, ДСҰ бас директорының орынбасары:

- Біз азық-түлік дағдарысы және пандемия секілді жаһандық деңгейдегі сын-қатерге тап болдық. Ұйым бұл мәселелерді жеке шеше алмайды, бірақ халықаралық қауымдастықтың өзге мүшелерімен бірлесіп еңбек етіп, өз үлесін қосуға тиіс. 

Жиынға әртараптан келген қатысушылар Қазақстан төраға ретінде 12-министрлік конференциясын жоғарғы деңгейде ұйымдастырғанын ерекше атап өтті.      

Чжан Сянчень, ДСҰ бас директорының орынбасары:

- Бұл шараны керемет ұйымдастырғаны үшін қазақстандық әріптестеріме алғыс айтамын. 2015-жылы ұйымға мүше болған Қазақстан ұйымдастырушылық тұрғыда позитивті әрі сындарлы роль атқарып келеді. Қазақстанның жетістіктері ұйымның жаңа мүшелерінің көпқырлы сауда жүйесінен пайда табумен қатар, оның дамуына да маңызды үлес қоса алатынын көрсетіп отыр.

Януш Войцеховский, Ауыл шаруашылық жөнінде ЕО комиссары:

- Сауда және азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде Декларация жобасын барлығы қолдағанына ризамын. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Қазақстан төрағалығының жетістігі.    

Қазіргі кезде ұйымның бір міндеті - пандемияға қарсы іс-шаралар ретінде ұйымға мүше елдер вакцина мен дәрі-дәрмек өндірісі үшін патенттердің зияткерлік меншігіне қатысты шектеулерді реттеу жөнінде келісімге келуі керек.

Жанар Айтжанова, ДСҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі:

- Бұл мәселе бойынша дамыған және дамушы елдердің көзқарасы әртүрлі. Дамушы елдер медициналық препараттар технологияларының зияткерлік  меншігін реттеуді талап етсе, дамыған елдер патенттермен шектелуге дайын.

Министрлік конференциясы бес жылдық үзілістен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Форумның соңғы күнінде ақтық шешімдер мен Дүниежүзілік сауда ұймының 12-министрлік конференциясының Декларациясы қабылданады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы