Женевада ДСҰ министрлік конференциясы аяқталды

Қазақстан төрағалық еткен Дүниежүзілік сауда ұйымының XII министрлік конференциясы сәтті аяқталды. Бірқатар келісім қабылданды. Ұйым басшысы Нгози Оконджо-Ивеала бұл шешімдер алда үлкен өзгерістерге бастайды деп сенеді.

5 күнге жалғасқан келіссөздерден кейін 164 мемлекеттің өкілдері сауда келісімдерінің топтамасын мақұлдады. Құжатта пандемиямен күрес және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша мәлімдемелер, БҰҰ-ның Азық-түлік бағдарламасы аясында азық-түлік экспортына шектеулер мен тыйымдарды алып тастау шешімі, зияткерлік меншік құқығын қорғау келісімі, балық шаруашылығына субсидия бөлу және электронды сауда бағдарламасы қамтылған. 

Нгози Оконджо-Ивеала, ДСҰ Бас директоры:

- Конференция күткеннен кеш аяқталды, бірақ зор нәтиже берді. Дүниежүзілік сауда ұйымы бұрын-соңды осыншама мөлшерде көпжақты шешімдер қабылдамаған еді. Қабылданған келісімдер бүкіл әлемдегі адамдардың өмірін өзгертеді. Басқосу нәтижесі Дүниежүзілік сауда ұйымы қазіргі замандағы төтенше жағдайларға төтеп бере алатынын көрсетті. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Осы аптада баршаңыз шешуі мүмкін емес болып көрінген істі жүзеге асыруға үлес қостыңыздар. Бәріміз ашық және кейде өте күрделі келіссөздерге қатыстық. Бәлкім барлық қойған мақсаттарымызға жетпеген шығармыз, бірақ әлемдегі шұғыл мәселелерді шешуге арналған шаралар топтамасын ұсындық. Ұлттық мүдде шеңберінен шығып, бүкіл әлем игілігіне біріге ұмтылып, осындай қиын кезеңде ұйымға деген сенімді қалпына келтіру міндетін орындағанымызбен құттықтаймын. 

Қорытынды баспасөз мәслихатында ұйым басшысы мүше-елдер ортақ ымыраға келгенін атап кетті. Сарапшылардың айтуынша, пандемиямен күрес бойынша Декларация вакциналар мен медициналық препараттарды қолжетімді етті. Ал балық шаруашылығына субсидия бөлу шешімі алғаш рет экологиялық тұрақтылыққа негізделді.  

Нгози Оконджо-Ивеала, ДСҰ Бас директоры:

- Соңғы үш жылда конференцияға дайындық жұмыстарын жүргізген XII министрлік конференциясының төрағасы Тимур Сүлейменов пен Дүниежүзілік сауда ұйымындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Жанар Айтжановаға үлкен алғыс білдіремін. Жылдар бойы ынтымақтаса жұмыс істеп келген Қазақстан үкіметіне де көп рахмет.

Ұйымның Бас Кеңесі келесі министрлік конференциясының қашан және қай жерде өткізу бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ. Белгіленген тәртіп бойынша ол енді 2023 жылдың соңына дейін өтуі керек.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов