Қарағанды облысы белсенділендірілген көмір өндіруді бастады

ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ енді белсенділендірілген көмір өндіре бастады. ТМД көлемінде теңдесі жоқ зауыт жылына 1 мың тонна өнім шығарады. Осылайша абсорбент импортын ішінара алмастырады. Жоба қазақстандық технология негізінде жүргізіледі. Шикізат есебінде өндіріс орнындағы кокс қалдығы пайдаланылады. 

Кокс-химиялық кәсіпорынның дәл қасында бой көтерген бұл цехтың жұмыс істей бастағанына көп болған жоқ. Қазір мұнда кокс қалдығынан белсенді көмір өндіріліп жатыр. Жылдық қуат 1 мың тоннаға дейін жетеді.

Айта кеткен жөн, бүгінге дейін мемлекет аталған өнімді тек импорттап келген болатын.

Сабыржан Иманбаев, "Шұбаркөл көмір" АҚ кокс-химиялық өндірісінің басшысы:

- Көмірді белсенділендіру процесі екі сатыдан тұрады. Алғашқысында өнім кептірілген күйде барабанға келіп түсіп, кейін тоғыз жүз градусқа дейін қыздырылады. Осыдан кейін барып гидросоққы нәтижесінде конвейерге түседі де кейін тағы кептіріліп белсенділендірілудің екінші кезеңіне жіберіледі. Жобаның басты міндеті импортты алмастыру. Белсенділендірілген көмірдің қолданыс ауқымы кең, гидрометаллургия, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі суды тазартуда да кеңінен қолданады.

«Шұбаркөл көмір» АҚ-да өндірісті әртараптандыру басты мақсат. Аталған жоба кәсіпорын үшін шығыны аз, пайдасы көп жұмыс болмақ. Себебі шикізат, яғни кокс екі аттам жерде өндіріліп жатыр. Айпақшы, осы кокс өндірісі де алдағы уақытта үш есеге артады. Қазір жылына 210 мың тонна өндірілсе, алда жылына 400 мың тонна өндіруге қауқарлы заманауи цехтың құрылысы басталған. 

Сабыржан Иманбаев, "Шұбаркөл көмір" АҚ кокс-химиялық өндірісінің басшысы:

- Келер жылы кокс зауытының екінші кезеңі іске қосылады. Сонда жылына төрт жүз мың тонна кокс өндіріледі. Осылайша екі зауытты қоса есептегенде жылына алты жүз мың тонна кокс өндіретін боламыз. Кокс газында алдағы уақытта тиімді пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Егер кокс өндірісі артса, сәйкесінше кокс газының да көлемі артады. Мамандар одан алдағы уақытта арнайы энергия өндіру тетігін қарастырып, кәсіпорынның энергияға деген ішкі сұранысын толық қамтымақ. Белсендірілген көмір өндіру зауыты – кәсіпорын базасында табысты іске асырылған тағы бір жоба. Өндірістің ТМД елдері аумағында баламасы жоқ екенін атап өткен жөн.

Дәуренбек Бағдаулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпхар