Бізге кедергісіз транзит керек – Ә.Смайылов

Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағы бойынша кедергісіз транзитті қамтамасыз ету керек. Ол үшін цифрлық технологияны пайдалану қажет. Минскте өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Қазақстан премьер-министрі осылай деді.

Әлихан Смайлов әлемдік сауда елеулі өзгеріске ұшырағанын айтты. Жаңа көлік артерияларын құру және дамыту жолымен Еуропа мен Азияның жүктерін Одақ елдеріне жеткізу және тасымалдау уақытын қысқарту мен жеңілдетудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Әлихан Смайылов құрамдас бұйымдарды, шикізатты және дайын өнімдерді жеткізудегі іркілістер өнеркәсіп кооперациясының жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетіп берді деді.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Іс жүзінде өнеркәсіптің барлық салаларында – машина жасау мен жоғары технологиялық салалардан бастап тамақ өнімдері мен медициналық бұйымдар өндірісіне дейін нақты кооперациялық жобалар қажет. Инновациялық және бәсекеге қабілетті өнім жасау үшін нақты жобаларға көңіл бөлуді ұсынамын.