2026 жылға дейін елімізге тартылатын инвестиция көлемі 25,5 млрд долларға ұлғаймақ

Биыл небәрі 5 айда елге 4,1 трлн теңге көлемінде қаржы құйылған екен. Ақмола облысы көш бастап тұр. Ізінен Шымкент пен Алматы қалалары келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік қаржыгерлер тау-кен өнеркәсібіне, сауда саласына, одан соң құрылысқа қызығып отыр. Бұл туралы үкімет отырысында белгілі болды. Жиында үкімет мүшелері жаңа инвестициялық саясат тұжырымдамасын бекітті. 2026 жылға дейін Қазақстанға тартылып жатқан инвестиция көлемін 25,5 млрд долларға дейін ұлғайту көзделген. 765 жоба жүзеге асады.  Егер осы жобалар сәтті жүзеге асар болса, елде 112 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Қазіргі жағдайда біз осы позицияны нықтай түсіп, шетелдік инвестициялар үшін белсенді қимылдауымыз керек және инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуы тиіс.