Ақтауда «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының өкілдігі ашылды

Еншілес және мердігер мекемелердің жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуы, кен орындарын игеруді бақылау жұмыстары енді осы жерде атқарылады. Сондай-ақ өкілдік тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында жергілікті атқарушы органдар және кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе жұмыс  істейді.

Ақтаудағы өкілдік шалғай өңірдегі мұнай-газ компанияларының қызметіне жетекшілік етеді. Қазір оларда 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Мердігер мекемелерде 14 мыңнан астам жұмысшы бар. Басқарма төрағасы сала ардагерлері және жергілікті әкімдік өкілімен кездесіп, алда атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті. Таяу жылдары Кендірліде теңіз суын тұщыту зауытын салынып, «Астрахань-Маңғышлақ» су тарту құбыры жаңғыртылады.  

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- Биыл Каспий теңізінде орналасқан «Жеңіс структурасында» бұрғылау жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар «Бектұрлы-Шығыс» жобасы бағытында және «Өзен-Қарамандыбас» кенорындарындағы іргелес аумақта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы Президентіміздің тапсырмалары аясында жасалып жатыр. 

Сағын Қырымқұлов, сала ардагері:

- Су мәселесі, сосын өндірістік мәселелердің барлығы ашық айтылды. Сондықтан, мен ойлаймын, Барлық жақсылық болады. Жұмыс орнына шығатын болды, жаңа мекемелер ашылып жатыр. Су мәселесіне қатысты жобалар жасалып жатыр деді.

Ұлттық компания басшысы Қаражанбас кен орнында жуық арада іске қосылатын су тұшыту зауытында болды. Сондай-ақ компанияға еншілес кәсіпорындардың өндірістік нысандарын аралап, қазақ газ өңдеу зауытының жай-күйімен танысты. 

Бауыржан Қойшыбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ цех бастығының орынбасары:

- Соңғы жылдары пандемия салдарынан мұнай бағасы құлдырап, әлемде біраз қиындықтар туындады. Көптеген елдерде өндіріс орындары жабылып қалды. Алайда біздің компанияның әлеуметтік пакеті - жалақы сол қалпында сақталды. Еңбек етуімізге барлық жағдай жасалуда.

Маңғыстау облысын көркейтудің кешенді жоспары аясында «Қазмұнайгаз» компаниясының қатысуымен жалпы құны 425 млрд теңгелік 22 жоба жүзеге асады деп күтіледі. Биылғы жылы 1600 жұмыс орнын ашу күн тәртібінде тұр. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев