476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жамбыл облысында алғаш рет бақтақ балығы өсіріле бастады

  • 214
  • UPD: 08:21, 28.06.2022

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары алғаш рет бақтақ балығын өсіре бастады. Қазір осы бағытта Қордай ауданындағы Аухатты, Масаншы, Бетқайнар ауылдарында он жоба жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, Сортөбе ауылындағы шаруашылықта өсірілген балықтар қазір жергілікті нарыққа шығарыла бастады. Инвестжоба мемлекет тарапынан толықтай қолдау тапты. 

Бақтақ балығын өсіру қордайлықтар үшін кәсіптің жаңа түрі. Бірінші болып бұл іске жергілікті тұрғын Рамазан Харсанов кіріскен. Ол бизнес жоспарын жергілікті әкімдікке ұсынып бірден қолдау тапты. 4 гектар жерді кезексіз алды. Кәсіпкер 300 миллион теңге инвестиция салып өзенге 10 мың шабақ жіберді. Шаруа Шу өзенінің бойындағы бұлақ суларын пайдаланып отыр. Бүкіл отбасы мүшелері таңнан кешке дейін балық бағады. Біз барғанда кәсіп иесі іссапармен Түркияда жүр екен. Шаруашылықпен кіші інісі таныстырып шықты.

Саид Фаров, жұмысшы:

- Күніне екі рет жем шашам. Таңертең және кешкісін. Мөлшерден көп қоректендіруге болмайды. Бұл балықтар өте нәзік. Суды тұрақты оттегімен қанықтырып тұру аса маңызды. Ол үшін арнайы қондырғылар тәулік бойы жұмыс істеп тұрады. Оны қадағалау менің мойнымда. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл балықтар өте талғампаз келеді. Бұларға тұрақты жағдай жасау үшін біріншіден, су мөп-мөлдір таза болуы керек. Ал екіншіден, судың температурасы 17 мен 16 градустың арасында сақталуы тиіс. Ал үшіншіден, су тұрақты түрде жаңарып тұруы тиіс. Егер де бұл талаптардың біреуі орындалмаған жағдайда балықтар қырылып, істелген еңбек еш кетуі мүмкін. Бірақ ауыл тұрғындары оның да көзін тапқан. Қазір балықты қоректендіретін уақытта келіппіз жем шашайық.

Ағып жатқан су он шақты бассейндерге бөлінген. Әр бөлігінде әртүрлі көлемдегі балықтар өсіріледі. Шабақтарды сатып алу қымбатқа түседі. Сондықтан қазір қосымша инкубациялық цех салынып жатыр. Шаруа шабақтарды өзі шығармақ. Жалпы бұл шаруашылықта жылына 40-45 тонна балық өсіруге мүмкіндік бар. Бизнестің бұл түрінің потенциалы жоғары. Бұл туралы шетелде жүрген кәсіп иесі бейнебайланыс арқылы айтып берді.

Рамазан Харсанов, кәсіпкер:

- Шабақ, қажетті керек-жарақтың бәрі бар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Өнімге сұраныс өте жоғары. Қазір бізде су мәселесі қиындау. Су аз. Суару маусымы басталысымен өзенде су деңгейі төмендейді. Есесіне жер асты сулары да азаяды. Бұл мәселені шешу үшін қосымша құдық қазып су жіберіп  жатырмыз.

Инвестжоба ішкі нарықты балықпен қамтамасыз етуге бағытталған. Жуырда балықты кептіріп, ыстап, мұздатып өңдейтін цех қойылмақ. Бұл бағытта мемлекеттен қолдау қарастырылып отыр. 

Мәден Мұсаев, Қордай ауданының әкімі:

- Ол жерге жаңағы балықты кептіретін каптилка, сушилка керек. Әртүрлі пештер керек. Соны алған кезде оған мемлекет тарапынан 25 процент субсидия беріледі. Қазір біздің ауданда 10 жоба бар осындай. 10 жоба іске асқан кезде есептеңіз, ертең бір жоба 40 тонна берген кезде 10 жоба 400 тонна балық береді.

Қазір Шу өзенінің бойындағы Сортөбе, Масаншы, Аухатты, Бетқайнар ауылдарының халқы осы іске бет бұра бастады. Бекіре балығын да жіберіп жатқандар бар. Шаруалар тәжірибе ретінде байқап көрмек. Ойдағыдай нәтиже болса жуырда бекіре шаруашылығы да пайда болуы мүмкін. 

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы