Ұлттық бренд қалыптастыруға ауыл әйелдері үлес қосып жатыр

Ұлттық бренд қалыптастыруға ауыл әйелдері де өз үлесін қосып жатыр.

Мәселен, Маңғыстау облысындағы Құрық ауылының тұрғындары түйе жүнінен түрлі бұйым әзірлейді. Әсіресе экошәркейге деген сұраныс әлеуметтік желілерден жиі түседі. Бұл осы өңірде қолға алынған «Бір ауыл, бір өнім» атты әлеуметтік жобаның нәтижесі. Оған қатысқан 30-ға жуық адам тәжірибелі шеберлерден тәлім алған. Қазір кәдеге аспай жатқан мал жүнін өңдеп, киіз тауарлардың түр-түрін жасайды.

Анар Қошанова, ауыл тұрғыны:

- Бұл семинар күрделі әдістермен киіз бұйымдарын жасау бағытын көздеп отыр. Бұрын мұны тек бос уақыт өткізу, хобби ретінде көретінбіз. Енді осыны кәсіпке айналдырып, мол табыс табуға болатынына көзіміз жетіп отыр.

Сәуле Салихова, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

- Бүкіл әлемде экоматериалдарды пайдалану трендке айналды. Ал бізде сұраныс жоқ. Сондықтан да қой, түйе жүнінен жасалатын заттарды жалпы қолданысқа енгізіп, экошәркей, сөмке, тағы басқа көптеген пайдалы заттар жасап үйреткіміз келеді.