loader


Елімізде тіркелген ресейлік компаниялар саны 13 мыңнан асты

Финпром сарапшылары олар көбейе беретінін болжайды. Себебі, санкция қыспағына шыдау қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үрдіс біздің экономикаға қалай әсер етеді? Тақырыпты экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы сабақтайды.

Ресейлік алтын өндірушілер де кәсібін Қазақстанға көшіруге ниетті. Қазір олар жаңа серіктестер іздей бастаған. Көрші ел алтынына эмбарго жарияланғалы, қазақстандық нарықты жетілдіруге мүмкіндік туып тұр дейді сарапшылар.

ЕЛДЕ 40 МЫҢНАН АСА ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ БАР

Мамырдың соңында олар бірден 13 процентке көбейген еді. Мамандар Украинадағы әскери қақтығыстар басталғалы ресейлік кәсіп иелерінің Қазақстанды жағалауы жиілеп кеткенін айтады. Наурыз бен сәуірдегі белсенділік айтарлықтай. Себебі дәл осы кезеңде мемлекетке салынған санкция салқыны сезіле бастаған. Қазір көрші елге тиесілі компаниялар саны 13 мыңнан асып жығылады. Жалпы жыл басынан бері Қазақстанда 2400 шетелдік компания мен бөлімдері тіркелген. Оның 1500- нан астамы Ресейге тиесілі. Экономист Мақсат Халық мұндай кәсіпорындардың ел экономикасына тигізер пайдасы да, зияны да бар екенін айтады. Пайдасына келер болсақ, елдегі жұмыссыздық мәселесі жеңілдейді. Халықтың табысы артады. Бірақ, қызметкерлер аларда, жергілікті азаматтар шеттетілер болса, бұл керісінше, жұмыссыздықтың  өршуіне алып келуі ықтимал.

Мақсат Халық, экономист

- Президентіміз әрине тапсырма беріп отыр. Ресейден келетін бизнес үшін қолайлы жағдай жасаңдар деген. Бірақ оның екінші салдары бар. Егер де біз қолайлы жағдай жасай береміз десек, Ресей осы арқылы санкцияны айналып өту қадамдарын жасауы мүмкін. Ал оны Еуропалық одақ болсын, Америка болсын соқыр емес, олар байқауы мүмкін. Ондай жағдайда санкцияның бір ұшы бізге де тиіп кетуі мүмкін. Сондықтан осындай кезде барынша сақ болу керек.  

АЛТЫН ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Шикізаттық экспорттың 12 процентін қамтып келген Ресейден алтын импорттауға тыйым салынуы өнімнің қымбаттауына алып келеді. Еуразиялық зергерлер экспорттық бюросының төрағасы Гагик Мкртчян осылай дейді. Эмбаргоға Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жапония, Германия және Франция қосылады. Қазір алтын унциясы 1830 доллар шамасында. Ақпаннан бері баға құбылып тұр, тіпті 4 процентке арзандады. Сарапшы жақында бағалы металл құны тұрақталатынын, бірақ қымбаттайтынын болжайды. Себебі, өнімді заңсыз жолмен сататын делдалдар көбейеді.  Мамандар қазақстандық алтын өндірушілерді әлемдік нарыққа тікелей шығуға шақырады. Өйткені елдің мұндай әлеуеті бар. Әзірге шикізат инвесторлардың көмегімен ғана экпортталуда.  Еуразиялық зергерлер экспорттық бюросының төрағасы Гагик Мкртчянның айтуынша, отандық өндірушілер алтынды қайта өңдейтін халықаралық зауыттар салуы тиіс. Әрине, алдымен Лондоннан биржалық сертификат алынуы қажет. Маман осы бағыттағы жұмыстардың басталып кеткенін де атап өтті. Бұл өте маңызды. Ресейдің бағалы тастарына салынған эмбарго саладағы түйткілдері көбейтуі мүмкін. Бюро төрағасы сұраныстың азаюы әлемдік нарықтағы бағаны өсіретінін айтады. Әлемде 205 мың тонна алтын қоры бар, оның 400 тоннасы Қазақстанда шоғырланған. Көрсеткіш бойынша 12 орында тұрмыз. Демек, өндірушілер мен қайта өңдеушілерге инвестиция тарту маңызды. 

Гагик Мкртчян, Еуразиялық зергерлер экспорттық бюросының төрағасы:

- Қазақстан 5-6 жылдан бері  Кимберли процесіне қатысып келеді. Бірақ өнімді сатып алып, сатқан кезі болған жоқ. Бағалы тастарды да жонбайды. Бұл дұрыс емес. Қазір елде осы саланы жетілдіру жұмыстарын бастауды ойлап жатырмыз. Өзіңіз білетіндей, біз Арменияданбыз. Ал  Армения осы саладағы көшбасшылардың бірі. Біз мемлекетке инвестиция салып, көмектесуге дайынбыз.

БІР ЖЫЛДА ЕЛДЕГІ НЕСИЕЛЕУ КӨЛЕМІ 1 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

Бүгінде жалпы қарыз үлесі 20 трлн теңгені құрайды. Қаңтардан бергі өсім 5,5 процентке тең. Борышкерлердің дені жеке тұлғалар. Олардың қарызы 11 трлн теңгеден асады. Несие рәсімделген аймақтар көшін Алматы бастайды. Мұнда 8,7 трлн теңге қарыз берілген. Түркістан облысы мен Солтүстік Қазақстанда көрсеткіш төмендеу.

Сондай-ақ...