Халықтың газына ешкім тиіспейді – Даниал Ахметов

325 миллион текше метр газ Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданының ауылдарына 10 жылға емін-еркін жетеді.

Энергетика министрлігінен кен орнын тексеруге барған мамандар осылай деп мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, мамыр айының басында Зайсан тұрғындары Қытайға газ жіберуді мүлде тоқтату керек деген талап қойған еді. Ал «Тарбағатай мұнай» компаниясы көрші елге 70 миллион текше метр көгілдір отынды экспортқа шығаруға рұқсат берілмесе, аудан тұрғындарына газ беруді тоқтатамыз деген болатын. Осыған орай министрліктен арнайы комиссия барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Газды тоқтату жөнінде ешқандай әңгіме болмауы керек. Кен өндіруші компания барлау жұмыстарын жалғастыруы шарт. Жергілікті тұрғындарға айтарымыз, ештеңеге алаңдаудың қажеті жоқ. 325 миллион текше метр газға ешкім де тиіспейді.

Бекзат Қалиев, компания өкілі:

- Газ қорын анықтадық. Он жылға емін-еркін жетеді. Енді мұнайды игеруді бастаймыз. Мұнаймен бірге газ келеді. Демек, Зайсан ауданында 20-30 жыл көгілдір отын мәселесі болмауға тиіс. Ал дәл қазір экспорт бізге кәсіпорынды сақтау үшін қажет.

ХАЛЫҚ ҚЫТАЙҒА ГАЗ САТУДЫ ДОҒАРУДЫ ТАЛАП ЕТТІ