«Хуавей» компаниясы Қазақстанның цифрлық хабын құруға атсалыспақ

Huawei компаниясы 24 жыл қатарынан елімізге заманауи технологияларды енгізіп келеді. Компания 18 млн адамға қызмет көрсететін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың негізін қалауға көмектесті. Нәтижесінде ел азаматтарының 85% 4G жылдам интернет желісіне қосылды. Енді Қазақстанның цифрлық хабын құруға атсалыспақ.

Елордада 3 күн қатарынан «Astana Finance Days» халықаралық конференциясы өтті. Шара осымен 5-жыл қатарынан қолға алынып отыр. Бұған дейін ауқымды жобаға әлемнің 100 елінен 15 мыңнан аса адам қатысты. Биыл да жер шарының түкпір-түкпірінен жетекші сарапшылар  арнайы келді. Басқосуда қаржылық технологиялар, жасыл экономика мен цифрлық даму мәселесі сөз болды. Озық тәжірибелер ортаға салынды. Ұтымды ойлар айтылды. Конференцияның өтуіне Huawei компаниясы да атсыласты.

Чжао Сюй, Huawei Technologies компаниясының Қазақстандағы бас директоры:

- Біздің компания 1998 жылдан бері Қазақстан нарығында еңбек етеді. Біз ел үкіметімен және жергілікті байланыс операторларымен әріптестік орнаттық. Бірге жұмыс істейміз. Атап айтқанда, ұялы байланыстың базалық станцияларын орнатуға атсалыстық. Әрі қалта телефондары нарығын дамытуға үлес қосып келеміз.

Бүгінде Huawei компаниясы отандық ақпараттық жүйенің дамуына үлес қосты. 4G және 5G технологияларын енгізіп келеді. Қазір мәліметтерді өңдеу жүйесін құруға басымдық беріп отыр. Осындай заманауи технологияның бірін Astana Finance Days конференциясында таныстырды. 

Олжас Орманов, Huawei цифрлық энергетика департаментінің аймақтық менеджері:

- Мұндай ақпараттық шешімдер Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында бар. Және Қазақстанның 8 аймағында осындай жүйелерді іске қостық. Әрине мұндай жобалар біздің елдің цифрлық дамуына жол ашады.

Huawei Қазақстанның цифрлық хабын бірлесіп құруға да атсалыспақ. Бастысы, бұл жұмыстың игілігін қарапайым халық көреді.