476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

СҚО-да құны 36 млрд теңгелік он тоғыз инвестжоба жүзеге асырылады

  • 168
  • UPD: 23:43, 29.06.2022

Солтүстік Қазақстан өңірінде құны 36 миллиард теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мұны бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов брифингте мәлімдеді. Бұл кәсіпорындар бір мың адамды жұмыспен қамтиды. Кейінгі бес жылда өнеркәсіп көлемі екі есе артты. Жақында бұл көрсеткіш 410 миллиард теңгеге жетеді деген жоспар бар.

Бүгін тілшілермен кездескен Солтүстік Қазақстан әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуының барлық тұсына тоқталды. Әсіресе өнеркәсіп саласына ерекше басымдық берілетінін айтты. Соңғы кездері бұл бағыттағы көрсеткіштер айтарлықтай өсті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Мамыр айының аяғында облыста жаңа кірпіш зауыты ашылды. Оған 1 миллиард 800 миллион теңге инвестиция құйылды. Ал қыркүйекте қағаз шығаратын фабриканы іске қосу жоспарда бар. Елде қағаз мәселесі өткір болып тұрғанын ескерсек, бұл кәсіпорын уақытылы ашылып жатқанын айтуға болады.

Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы дамуы бойынша елдегі көш бастап тұрған өңірлердің бірі екені белгілі. Мұнда әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 15-і шығарылады. 

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Біз өзімізді сүтпен 8 есе, макаронмен 18 есе, картоппен 10 есе, жұмыртқамен 4 есе, қырыққабатпен 3 есе, сәбіз және етпен 2,5 есе көп қамтамасыз ете аламыз. Ел көлемінде облыс бидайдың төрттен бірін, майлы дақылдардың үштен бірін, сүт өнімдерінің 23 процентін береді. 

Ал өңірді көкөніспен қамту үшін жақын арада жылыжай салынбақ. Оның аумағы 3,7 гектарды құрайды. Құны 7 миллиард теңгеге тең жылыжайда 2 мың 700 тонна өнім шығарылады. Сүт, мал және құс шаруашылығы да назардан тыс қалмайды.

Дариға Ташенова, Самат Әубәкір

Хабар 24 телеарнасы