Мақат ауданының шаруалары жеңілдікпен берілетін несиеге қол жеткізе алмай жүр

Атырау облысына қарасты Мақат ауданының шаруалары кепілге қоятын мүліктің жоқтығынан мемлекеттен бөлінетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай келеді. Шаруаның ыңғайына қарай әр құдықтың басына салынған ғимараттардың құжаты болмағандықтан екінші деңгейлі банктер кепілге алмайды екен. Салдарынан Үкіметтің ауыл шаруашылығын өркендетуге қарастырған қаражаты игерілмей отыр. Бүгінде Мақат ауданында «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша 11 жобаның тек кентті жерлердегі кепілі барлары ғана жұмыстарын бастаған.

Екі жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан Нұреден Байниязов «Қырыққұдық» ауылынан жер алып, ата кәсіпті жандандырмақ еді. Алайда шаруаның сатып алған пәтерінің құжаты жоқ болып шықты. Енді банкіге берген тапсырысы аяқсыз қалып, шаруасын бастауға қаражат таппай қиналып отыр. 

Нұреден Байниязов, шаруа:

- Бұл жерде тұрған үйлердің бірде біреуінің заңды құжаты жоқ. Бұл уақытша тұруға мал ұстауға салынған. Бірақ олардың документі, құжаты жоқ. Сол себепті шауаршылықты кеңейтуге, малдың басын көбейтуге несие  алуға бұл жерде отырған адамдардың мүмкіншілігі жоқ. 

Азамат Шаңғалаев, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:

- Қырда отырған шаруагерлердің сол қыстағын кепілге қойып, екінші деңгейдегі банктерден несие алғысы келеді. Дегенмен, қазіргі таңда ол елдімекен болмағандықтан бағалау құндары өте төмен. Сол себептен несие алу мүмкіндіктері болмауда. 

Атырау облысындағы ұсақ мал шаурашылығының барлығы дерлік бір кездегі кеңшар қыстақтарының базасында, атадан-балаға қалған қоныс негізінде бой көтерген. Сондықтан олардың заңды құжаттары жоқ. Бұған дейін жекеменшік ретінде жұмыс істеп келгендер, енді несие алып шаруаларын кеңейтуге қол жеткізе алмай отыр. 

Ғазиз Ғабдуллин, қоғамдық бірлестік мүшесі:

- Бұл мәселені біздер Атырау обылстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали мырзаға бірнеше рет айттық. Осы Мақат ауданындағы шаруагерлердің құжаты жоқ қыстағын, айтамыз ғой енді ғимараттарының құжаттандыру жөнінде. Жауап жоқ. 

Қазір облыс бойынша бір кездегі малшы қыстақтарының есебін алып, оларда тұрып жатқан шаруашылықтардың жылжымайтын мүліктерін түгендеу басталды. Бірақ ол бір-екі жылдың жұмысы емес. Ал әзірге Байниязов секілді шаруасын енді бастағандар мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден қағажу қалатын сыңайлы.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов