Қазақстан ДСҰ-мен балық субсидиялары туралы келісті

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымымен 20 жылдан астам уақытқа созылған Балық аулау субсидиялары туралы жаңа келісімге қол жеткізді. Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бірқатар жобалар туралы баяндады. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі мен Транскаспий халықаралық бағытындағы жобаларды іске асыру туралы мәлімет берді. Президент сыртқы сауданы жандандырып, шетел нарығындағы Қазақстан өнімдерін ілгерілетуді тапсырып, негізгі азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет екеніне баса мән берді. 

Бақыт Сұлтанов, сауда және интеграция министрі:

– Мемекет басшысы бүгінгі қалыптасып отырған сыртқы жағдайларға уақытылы, дер кезінде шешім қабылдау туралы тапсырмалар берді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларының өсуін көріп отырмыз. Оның барлығы бүгін импортталатын бағаларға да әсерін беріп отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгін «Қазмұнайгаз" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады. Кездесуде компанияның жаңа жобалар туралы айтылды. Оның ішінде тамызда ашылу жоспарланып отырған Атырау облысындағы поли-пропилен шығаратын зауытты іске қосу да бар. Одан бөлек, Маңғыстау облысындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар да баяндалды.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

– Біз екі апта бұрын Ақтау қаласында арнайы «Қазмұнайгаздың» өкілдігін ашқан болатынбыз. Бұл офистің негізгі бағыты мен мақсаты  – халықпен жұмыс істеу, халықтың сонымен қатар кәсіпорындардың сауалдарын қарастыру. Жыл басынан бері Өзен кен орнындағы мұнай өндіру көрсеткіші өкінішке қарай, жоспарлық көрсеткіштерден төмен болып отыр. Яғни күн сайын біздің мұнай өндіру көлемі 1000--1200 тоннаға төмен.