Елімізде өнеркәсіп кооперациясын дамытуға басымдық беріледі

Екатеринбургте өтіп жатқан «Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне 200-ден аса қазақстандық компания қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейдегі көрмеде Иран, Беларусь, Өзбекстан және Қытай мен Еуропа компанияларының да экспозициялары ұсынылған. Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов ресейлік әріптесі Михаил Мишустинмен экспонаттарды көріп, өнеркәсіптік кооперациядағы жаңа жобаларды талқыға салды.

Көрменің басты тақырыбы – «Өнеркәсіптік ауысу: сын-қатерден жаңа мүмкіндіктерге» деп аталады. Биыл Қазақстан – көрменің негізгі серіктесі. Отандық компаниялар арасында инженерлік-техникалық шешімдер мен бағдарлама жасаушылар бар. Жалпы көрмеге өнеркәсіптің барлық саласында жұмыс істейтін 200-ден аса компания барды. Елде құрастырылған тракторлар, электробустар қойылған. Бірақ қонақтардың басты назары футуристтік бэтмобильге ауды. 400 мың доллар тұратын бұл көлікті отандасымыз 3D-принтерде басып шығарды. Көрмені еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин аралап шықты.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Премьер-министрі:

Біз 23 келісімге қол қоюды көздеп отырмыз. Оның біреуі өнеркәсіпте кооперация аясында бірлескен іс-әрекет бағдарламасы. Алты жарым миллиард инвестиция құю жоспарда бар. Біз ресейлік әріптестерімізбен кооперациялық байланысты әрі қарай дамытуға ниеттіміз.

Қазір Қазақстан мен Ресей арасында 450 миллион долларға бағаланған 13 ірі бірлескен жоба жүзеге асты. Арасында жеңіл көліктер, электровоздар мен трактор өндірісі бар. Жалпы сомасы 3 миллиард доллар болатын ірі 9 бірлескен жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Михаил Мишустин, Ресей Премьер-министрі:

– Біз бірқатар инновациялық өнідірісті қарадық. Өнеркәсіптік кооперация дамып жатқаны қуантады. Бұл көрмеден кейін осындай серіктестік жаңа қарқын алады. Бірлескен өндіріс пен кооперациямызды дамытуды жалғастырамыз. Бірқатар жаңа жоба жоспарланды.

Қазақстанда тиісті құқықтық негіз бар. Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, өнеркәсіпті дамыту қорының міндеттері мен мақсаттары қайта қарастырылды. Енді құрал-жабдық пен техниканы лизингке алуды қаржыландыруға басты көңіл бөлінеді. Сондай-ақ қор өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға жеңілдетілген несие береді.

Авторлаы: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров