Отандық теміржол саласында машина жасауға басымдық беріледі

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы толықтай жаңғыртылады. Отандық теміржол саласында машина жасауға басымдық беріледі. Мұнай тасымалдау ісі де әртараптандырылады. Каспийде теңіз флоты нығайып, Ақтау портында контейнерлік хаб құрылады. Мемлекет басшысы бүгін көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиында тағы не айтылды?

Жүк жеткізетін балама бағыттар керек. Тасымал ісін әртараптандыру аса маңызды болып тұр. Себебі көріп отырмыз, төңіректе геосаяси жағдай тұрақсыз. Санкциялық текетірес көлік-логистика желісін өзгертуді талап етеді. Сондықтан Президент «отандық өнім экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығуы үшін кешенді шаралар қабылдау қажет» деді. Бұл орайда біздің ел Орталық Азияда көшбасшылығын сақтауға мүдделі. Мақсат Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту, таныту. Ол үшін балама теміржол бағыттары керек. Ендеше Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыратын уақыт келді. Алматы қаласын айналып өтетін теміржол да керек. Мемлекет басшысы осыны тапсырды. Сосын «теміржол паркін жандандырып, жолдарға күрделі жөндеу жүргізу қажет» деді.

ТЕМІРЖОЛ ПАРКІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отандық теміржол саласында машина жасау ісін дамытуға баса мән беру қажет. Оның алғышарттары бар. Қазақстандық өндірушілерді белсенді түрде қолдау керек.

ҚТЖ ТОЛЫҚТАЙ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ 

«Қазақстан темір жолы» толықтай жаңғыртылады. Аты дардай ұйым ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациядан өтеді. Бұл Қазақстан темір жолының мандаты мен міндеттерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Әрі компания елдің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізетін болады. Жуырда Ашхабадта өткен алтыншы Каспий саммитінде де Қасым-Жомарт Тоқаев өзге президенттерге «теңіз арқылы жүк тасымалдауды ұлғайту керек» деп еді. Бұл мәселені бүгінгі кеңесте де көтеріп, үкіметтегілерге тапсырма берді. Себебі тек құрлыққа қарап отырған дұрыс емес. Көк айдын арқылы да тасымал ісін жетілдіру керек. Бұл уақыт талабы.  

Ақтау портында контейнерлік хаб құрылады 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін.

Мұнай тасымалдау ісі әртараптандырылады

Елдің негізгі байлығы мұнай. Қомақты кіріс те осы қара алтыннан. Бірақ соны экспорттауда қиындықтар бар. Енді бізге мұнай тасымалдау ісін әртараптандыру керек. Президент мұның «маңызды міндет» екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Біз Батысқа байланбай, Азияға назар аударуымыз қажет. Американдықтарға Қытайға қара алтынды сатқан тиімді екенін көрсетіп, сендіру керек. Логистика, құбырлар туралы өте үлкен сұрақ бар, оны әрине бірден жасау мүмкін емес. Бірақ екі-үш жыл ішінде оны жасау керек. Қытайдың өзі қабылдамаса да біз шығыс жағалауында Қытаймен келісіп, Вьетнамға, Шығыс Азия елдеріне, Оңтүстік Кореяға мұнай жөнелту үшін порттар құра аламыз. Онда 4 миллиардқа жуық адам тұрады, ал Еуропалық Одақтың тек 660 мыңдай тұрғыны бар. Ең алдымен Қытай бағытын іздеу керек.

КҮРЕЖОЛДАР ЖАҢАРТЫЛАДЫ 

«Дамудың өзегі жол». Президент автожолға да арнайы тоқталды. Ең алдымен, құрылысы басталған Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен магистралі жаңартылады. Қасым-Жомарт Тоқаев «жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет» деді. Ал мұның бәріне қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысы үкіметтегілерге сол бюджет қаражатын тиімді пайдалануды әрі жол құрылысына отандық компанияларды кеңінен тартуды міндеттеді. 

Қорған Қонысбайұлы