Биыл елімізде 800 адам жемқорлықпен ұсталды

 Жыл басынан бері елімізде жемқорлық фактісі бойынша 800 адам ұсталған, оның 140-ы әртүрлі деңгейдегі басшылар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агеттігі 430 млрд теңге мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеп отыр. «Оператор РОП» мекемесінің ісі бойынша 180 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған. Сондай-ақ агенттік қызметкерлері мемлекетке құны 57 млрд теңге болатын 600-ден астам теміржол кірме жолын қайтарыпты.

Одан бөлек, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бөлінген 39 млрд теңгенің нәтижесіз пайдаланылғаны анықталып отыр. Енді бармақ басты, көз қысты әрекеттермен күресудің тәсілдері де өзгермек. Агенттік әрбір облыс және республикалық маңызы бар қалалар үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. «Бұл өз кезегінде өңірлердегі нақты проблемаларды шешуге бағытталады», -дейді.

Олжас Бектенов, ҚР Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Бағалау жүйесін талдай келе азаматтар біздің жұмысымызға қанағаттанбайтынын байқадық. Адамдарға жақсы баспана мен жол, қолжетімді жер және ауызсу керек. Сапалы білім, медицина да бар. Ал біз мұның бәрін естімей, көрсеткіш үшін жұмыс істеуді жалғастырудамыз. Сандар жемқорлықпен күрестің тиімділігін толық ашып көрсете алмайды. Мемлекет басшысы статистикалық көрсеткіштерге шамадан тыс әуестену туралы бірнеше рет айтқан болатын. «Арифметикалық көрсеткіштен» батыл кету талап етіледі және мемлекеттік аппараттың алдына азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсаты қойылды. Ал тұрғындардың қағаздағы әл-ауқаты шындыққа жанаспайды.