Елордалық ойыншық шебері тауарын ЕАЭО нарығына шығара алады

Ал елдордада өткен жылы 57 тұрғын грант алып, кәсіп ашты.

Мемлекеттік грантқа ие болғандардың бірі Галина. Екі жыл бұрын кәсібін бастап, экологиялық таза ойыншықтар тігуді қолға алады. Оның өнімдері табиғи маталар мен гиппоаллергенді компоненттерден жасалады. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды Қытай, Ресей, Корея, Түркия сынды елдерден арнайы тапсырыспен әкелген. Қазір Галинаның тауары арнайы куәландырудан өткен. Енді кәсіпкер өндірісті Еуразиялық экономикалық одақтың 5 мемлекетінде дамыта алады. Бастапқыда 5 млн қаржыға құрылған шеберхана, бүгінде қазақстандық бренд қалыптастырып үлгірді.

Шенберг Галина, кәсіпкер:

- Бір ойыншықтың дайындалуына шамамен 5 күндей кетеді. Себебі өнімнің түріне, матасына, идеясына үлкен мән беріледі. Осы ретте бүлдіршіндердің де пікірін ескереміз. Мәселен, мына айдаһарды дайындау барысында аулаға шығып, кішкентай тұрғындардың ойын тыңдадым. Нәтижесінде бұл ойыншық түрінің 4 нұсқасы әзірленді.

Қайтарымсыз қаржыға өз шеберханасын ашқан Галина 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда 1 тігінші және тоқыма тоқу ісі бойынша 2 шебер жұмыс істейді.

Шенберг Галина, кәсіпкер:

- Бұл кәсібім мен үшін өнер, шығармашылық. Мұнда креативті ой мен  жаңа өнім түрін дайындап шығаруға басымдылық беріледі. Әрине, сатыпалушыларымыз да өз сұраныстары мен ұсыныстары арқылы бізді шабыттандырып отырады.

Жеке кәсібінің жемісін көріп жүргендердің қатарында Әлия Сәбитова да бар. Өткен жылдың соңында кәсіпкер балаларды дамыту орталығын ашқан. Инклюзивті оқыту бойынша жұмыс істейтін орталықта, ерекше күтімді қажет ететін балалар білім алады. Мекеме 2 жастан 12 жасқа дейінгі бүлдіршінді қабылдайды.

Әлия Сәбитова, кәсіпкер:

- Балаларға арналған дамыту орталығын ашуға менің ұлым себепкер болды. Дамуында ерекшелігі бар баланың анасы ретінде инклюзивті білім беруге өз үлесімді қосқым келді. Әрі соңғы 10 жылдан бері әлеуметтік жобалар мен инклюзивті білім беру бойынша жұмыс істеп келемін. Нәтижесінде аталған екі бағытты негізге ала отырып, өз орталығымды ашу туралы ойға келдім. Өйткені ерекше балаларды қалыпты жағдайдағы өз қатарластарымен тең дәрежеде білім алғанын қалаймын. Әрине жақсы нәтиже көрсету үшін мектепке дейінгі даярлыққа да күш саламыз.

Сонымен қатар мекеме жұмысқа мүмкіндігі шектеулі жандарды да тартып отыр. Мәселен, келушілерге массаж жасайтын маманның көзі көрмейді. Бірақ кәсіби маман болғандықтан қашан да жұмыс табылады. Мұнда логопед, дефектолог ісі, емдік дене шынықтыру, қолданбалы мінез-құлықты талдау бойынша да жұмыстар жүргізіледі. 

Қайыржан Сапа, нейропсихолог:

- 16 Ноярьде центріміз ашылды. Ноябрьден бастап орталық 500-ден астам баланы қабылдады. Осының ішінде 3 жасқа дейін 5 балаға көмектесіп, 1-қадам жасауын, 20 балаға дұрыс сөз айтып, көзге тік қарауды үйреттік. Бұл ата-аналар үшін үлкен динамика.

Қазіргі таңда әлеуметтің әлеуеті үшін еңбек етіп жүрген жандар қаншама. Ол азаматтарға мемлекет тарапынан да жан-жақты қолдау бар. Тек елорда аумағы бойынша өткен жылдың өзінде 57 тұрғын грант иегері атанды. Биыл сәуірде берілген өтініштер қаралып жатыр. Ең бастысы, әрекетке берекет. 

Іңкәр Қайратқызы, Диас Қобыланбаев, Ақылбек Есімсейітов