Қазақ-қытай шекарасында тауар есебінің айырмашылығы едәуір қысқарды

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы тауар есебінің статистикалық айырмашылығы екі еседей азайды.

Биыл бес айдың қорытындысы бойынша ол 27 процент болды. Қаржылай есептегенде 1,4 миллиард доллардың тауары Қытайдан шыққан. Алайда Қазақстанға кірмеген. Был бұл 40 проценттен асатын. Яғни Қытай кеден қызметінің есебінше, өткен жылы Қазақстанға жалпы сомасы 14 миллиард долларға тауар сатылған. Алайда Қазақстанның шекарасынан кірген тауардың құны 8,3 миллиард доллар ғана. 5,7 миллиард долллардың тауары ізім қайым жоқ. Осынша заттың қайда кеткені беймәлім. Мемлекеттік кірістер комиетінің мәліметіне қарағанда мұның бірнеше себебі бар. Қытайдан келген тауар транзит арқылы өзге елдерге өтуі және Қытай тарабының бағаны жоғары көрсетуі. Сондай-ақ тауар тасымалдаушылар кедендік салықты аз төлеу үшін декларацияда әкелген затының құнын азайтып көрсетуі мүмкін. Осының алдын алу үшін 2020 жылдан бастап Қазақстан мен Қытай автокөліктермен өтетін тауарлар бойынша ақпарат алмасуға уағдаласқан. Сондай-ақ 8 мыңнан астам тауардың құндық индикаторы бекітіліп, кедендік функциялар автоматтандырылды. 

Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

- Әрине кедендік алшақтық төмендеген сайын осыған дейін кедендік құнын төмендетіп елімізге тауарларды импорттап отырған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар декларацияда тиіситі бағасын көрсетуге мәжбүр болады. Демек сол бағасына байланысты әртүрлі салықтар және кедендер алынады ғой. Яғни олардың мөлшері көбейді. Негізі осы іс-шаралардың арқасында 150 миллиард теңге қосымша бюджетке салықтар және кедендік төлемдер өндіріліп алынды.