Қызылорда облысында кәсіпкерлер азық-түлік бағасын негізсіз көтерген

Қызылордада шағын дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік  15 процент үстеме бағамен сатылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкерлер күнбағыс майы, қант секілді 11 тауардың бағасы шарықтап кеткен. Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде жыл басынан бері 17 сауда нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 6 дүкеннің заң бұзғаны анықталып, айыппұл салынды. Қалған 11-не ескерту жасалды. «Аталған кәсіпкерлер бағаны тағы негізсіз көтеретін болса,  әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,-дейді мамандар. 

Фердоуси Қожабергенов, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Азық-түлік бағасын белгілеудіңделдалдық схемасын анықтау жөніндегі арнайы комиссия жұмыс жасайды. Комиссияның жұмысының қорытындысы бойынша 5533 қатысушы анықталып, олардың әрқайсысы бойынша талдау, зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Тиісті заң бұзушылық анықталған жағдайда құқық қорғау және басқа да қадағалау органдарына жолданады. Бүгінгі күні осы жұмыстар аясында бәсекелестікті қорғау және қадағалау, бақылау департаментімен тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.