Атыраудағы газ химиясы кешенінің келешегі зор

Қазақстанның тұңғыш интеграцияланған газ химиясы кешенінің алғашқы кезеңі аяқталуға жақын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдымен «Теңіз» кен алаңынан шығатын пропаннан полипропилен мен пластик өндіретін кәсіпорын іске қосылады. Қазір жаңа жобаның соңғы дайындығы пысықталып жатыр. Озық технологияға негізделген кәсіпорын жылына 630 мың тоннаға жуық пропанды өңдеп, одан 63 түрлі өнім шығарады. Жобаны жүзеге асыруға әлемнің 15 елінен 107 инженер-маман ат салысты. Қуаты мен технологиялық мүмкіндігі бойынша әлемде алдыңғы ондыққа енбек. Бұл еліміздің осы саладағы алғашқы жетістігі десек артық айтқандық емес. Аумағы 3,5 мың гектарды алып жатқан арнайы экономикалық аймақта 14 компания жұмыс істейтін болады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда, жылдық қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіруге жетеді. Оның 200 мың тоннасы еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз етеді. Қазір негізгі жайғастыру жұмыстары аяқталып, жоба іске қосылуға дайын.

Сәдуақас Мерәлиев, жоба кеңесшісі:

200 мың тонна полипропиленді игеру үшін 20-25 зауыт салуға болады. Құрылыс материалдары, автомобиль құрастыру, жеке тұрмыстық бұйымдар шығаруға болады. Сондай зауыттар салынса, онда біз Президенттің берген тапсырмасын орындадық деп ойлаймыз. Арнайы экономикалық аймақтың Үкіметтің шығарған заңы бойынша жеңілдіктері бар. Ол салық жөнінен жеңілдік бар, импорттық пошлинадан жеңілдік бар. 

Жоба құрылысында 4 мыңнан астам адам еңбек етті. Қазір негізінен инженер-технолог мамандар қондырғылдарды орнату жұмыстарын атқарып жатыр. Арнайы экономикалық аймақта полимер өндірісі және және сығылған газ бен азот өндіретін кәсіпорыны іске қосылды. Бұл өнімдер полипропилен өндірісінің негізгі шикізаты. Жобалар іске қосылғанда жүздеген жаңа жұмыс орыны ашылды

Қарлығаш Бекбаева, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м. а:

– Сонымен қатар бұл жерде жақын арада жаңадан 506 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Жалпы сол жердегі жобаларда 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл өңір экономикасының дамуына үлкен үлесін қосады деп жоспарлануда.

Ендігі басты міндет – газ химиясы кешенін маман-кадрлермен жабдықтау. Осы мақсатта жүздеген жас маман шетелдерде біліктіктерін жетілдіруде. Ал әзірге зауытты құрастырған шетелдік мамандар жастарға жетекшілік етеді. Осылайша елімізде тұңғыш мұнай-химия кластерін қалыптаса бастады. Ол өз кезегінде экспортқа бағытталған сапалы өнімдер шығарып, еліміздің ішкі нарығындағы полимер өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етеді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев