Былтыр отандастарымыздың табысы 5 процентке өсті

Алайда Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейге жетпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті минус 2,9 процентті құрады. Осы орайда Мемлекет басшысы жергілікті әкімдерге азаматтарды жұмыспен қамтуға баса назар аударуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс.