Қазақстанда алтын өндіру көлемі 13%-ке артпақ

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта алтын өндіретін «Фаза-2» фабрикасы іске қосылады. «Аталған кәсіпорын алтын рудаларын қайта өңдеуді жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сәйкесінше, жылына алтын өндірісінің көлемі 13 пайызға артады», – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінен. Бұдан бөлек, отандық «RG Gold» алтын өндіру компаниясы жылына 5 млн тонна руда өндіруге қауқарлы жаңа тау-кен кешенін ашпақ. «Қазіргі таңда аталған кешенге құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешен биыл күзде пайдалануға беріледі деген жоспар бар», – деп баяндады министрліктен. Ведомство ақпаратына қарағанда, «RG Gold» компаниясы Райгородок ауылындағы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Кәсіпорынға қажетті мамандар мен жұмысшыларды аталған елді мекеннен тарту көзделген. Сонымен қатар министрлік биылғы жарты жылдағы өңдеу өнеркәсібі саласының даму қарқынын баяндады. Оған сәйкес, 6 айда түсті металлургия өндірісінің көлемі 7,6 пайызға артқан. Оның ішінде рафинатталған мыс, алтын құймалары, күміс түйіршіктері, тазартылған алтын мен күміс, рафинатталған қорғасын және катодты мыс өндіру көлемі өскен.