Елімізде Үндістанмен бірлескен жоба қолға алынады

Шығыс Қазақстан облысында Үндістанмен бірлескен жаңа титан өнеркәсібі жолға қойылмақ. Жобаға инвестиция тарту жолдары қарастырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Ведомство өкілі Ташкентте Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің өнеркәсіп жөніндегі отырысына қатысып, үндістандық әріптестерімен келіссөз жүргізді. Шетелдік серіктестер қазақстандық технологияға қызығушылық танытып отыр. Шикізатты Үндістаннан жеткізіп, Өскеменде өңдеу көзделген. Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында барлық тараппен өнеркәсіп саласын дамытуға ниетті. Ресеймен 60, ал Өзбекстаннан 15 жоба бар. Үндістанмен тағы бір ферроқорытпа, Пәкістанмен жүн өңдеу ісі қолға алынуы мүмкін.

Марат Қарабаев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

– Қазақстанның ШЫҰ мүше елдермен тауар айналымы 50 млрд долларды құрайды. Бұл 2021 жылдың қорытындысы. Ал 2020 жылы 40 млрд болған. Яғни бір жылда өсім ауқымды. Бізде қалыптасқан өнеркәсіптік мәдениет Ресеймен. Өзбекстанмен қарқынды дамып келеді. Одан кейін Қытаймен. Пәкістан мен Үндістан біз үшін жаңа нарық.