Қазақстан АЭС-ке арналған ядролық технология бағытында АҚШ-тан тәжірибе жинақтайды

Қазақстан АҚШ-пен ынтымақтастық аясында шағын модульдік реакторлар бойынша FIRST бағдарламасына қатысады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінен мәлім болды.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен және АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту» бағдарламасының ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық қауіпсіздік бюросының өкілдерімен кездесті. Оның барысында Америка тарапы FIRST – «Шағын модульдік реакторлар технологияларын жауапты пайдалануға арналған базалық инфрақұрылым» бағдарламасына қатысуды ұсынды. «Бағдарлама ядролық қауіпсіздік пен таратпау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес атом энергетикасын дамытудың ұлттық бағдарламасын әзірлеуде әлеуетті арттыруда АҚШ-тың серіктес елдеріне қолдау көрсетуге бағытталған. Бағдарлама әлемде енгізіліп жатқан АЭС-ке арналған озық ядролық технологиялармен және жаңа инновациялармен танысуға мүмкіндік береді», – делінген министрлік хабарламасында.