Ақтөбе облысында бағалы тұқымды балықты көбейту көзделді

Ақтөбе облысында балықтың бағалы тұқымын көбейту көзделген. Өңірде бекіре өсіретін шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен шабақ ұстайтын инкубаторды жаңартты. Бұл уылдырықтан өскен шабақтар санын он есе арттыруға мүмкіндік берді. Үлкен өзен-көл мен теңізден жырақта орналасқан шаруаға қолқа салып, шабаққа тапсырыс беретіндер көбейген.

- Вот этих маленьких кормим через каждые 4 часа. Потом два раза в день чистим вот эти аквариумы полностью.

Бекіренің бұл шабақтары уылдырықтан шыққанына бір айдан ғана асқан. Ең ірісінің салмағы 5 грамм болады. Инкубациялық бағымдағы балықтарға айрықша күтім керек. Мамандар судағы оттегі көлемі мен температурасын үздіксіз қадағалап, түрлі дәрумендер қосылған азықпен қоректендіреді. Ашық аспан астындағы тоғандарға күз айында ғана көшіріледі.

Дмитрий Неске, шаруа қожалығының қызметкері:

- Көлшіктерді дайындап қойдық. Әзір суы жоқ. Бірақ тамыздың соңында толтырамыз. Қыс мезгілінде ұстайтын тоғандар да бар. Оған дейін балықтардың салмағы 8-10 грамға жетуі тиіс. Сонда ғана қыстан аман шығады.

Шаруа қожалығы мамандары шабақ өсірудің қыр-сырын соңғы бес жыл ішінде меңгерген. Бірақ өндірістік көлемде бірінші рет жүзеге асырып отыр. Бұған дейін уылдырықтан жылына 20-30 мыңын ғана өсіріп келген. Биыл 250 мыңнан астам шабақ алды. Ол үшін мемлекеттік грант пен серіктестіктің жеке қаражатына қосымша құрал-жабдықтар сатып алған. Инкубатор көлемін арттырып, теңіз маржанын иен далада өсіруге жағдай жасаған. 

Момынжан Қали, шаруа қожалығының басшысы:

- Қазір бұл бассейндерде 180-190 мың шабақ бар. Оның 60-70 мыңын қалдырып, қалғанын сатқымыз келеді. Сұраныс бар. Елорда мен Қостанай, Павлодар, тіпті балық зауыттары бар Ақтау мен Атыраудан да хабарласып жатыр.

Шаруа қожалығы бекіренің бірнеше түрін өсіреді. Қарыш, қорытпа, сібір бекіресі сияқты құнды балықтарды тұқымдыққа алып жатады. Сондықтан аналығының генетикалық ерекшелігі анықталып, әрқайсысына төлқұжат жасалған. Бұл уылдырықтың заңды түрде әрі дені сау аналықтан алынғандығын дәлелдеу үшін жасалған шара. 

Момынжан Қали, шаруа қожалығының басшысы:

- Болашақта инкубациялық цехты кеңейту жоспарда бар. Бір миллион шабаққа дейін өсіруді көздеп отырмыз. Сәті түссе Каспий мен Арал теңіздеріне, Жайық өзеніне шабақ жіберу ойда бар. 

Бұдан бөлек шаруа қожалығы жылына жүз тонна балық етін саудаға шығаруды жоспарлап отыр.

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов